АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында жарылыс болды – деп хабарлайды ВВС ақпарат қызметі.
Желтоқсан айының 11-і күні Нью-Йорк қаласының орталық аудандарының бірі Манхеттенда жанкешті жарылғыш затты іске қосқан. Салдарынан бірнеше адам жарақат алып, жанкештінің өзі оқиға орнында қолға түскен. Шаһар әкімшілігі аталмыш оқиғаны террорлық акт деп атаған. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, лаңкестік шабуылды 27 жастағы Акайед Улла есімді Бангладеш азаматы жасаған. Ол АҚШ-қа осыдан 7 жыл бұрын F43 визасы арқылы келген. Аталмыш виза Америка азаматтарының шетелдік туыстарына беріледі. Бангладеш полициясының бас инспекторы Шахидулла Хоктың сөзінше, Акайед Улла Бенгладешке соңғы рет қыркүйек айында келген. Ол бұған дейін ешқандай криминалды топтардың қатарында болмаған.
The New York Times басылымының мәліметінше, жарылыс таңғы сағат 7:30 шамасында Манхеттен ауданының 42 көшесіндегі жер асты өткелінде болған. Акайед Улла лакестік шабуыл жасау арқылы Сүрияда «Ислам мемлекеті» содырларына қарысы соғысып жатқан АҚШ сарбаздарынан кек алған. Жарылыстан түрлі дене жарақаттарын алған оны тәртіп сақшылары Бельвью ауруханасына жеткізген.
Естеріңізге салайық, қазан айында Нью-Йорк қаласының дәл осы Манхеттен ауданында лаңкестік шабуыл жасалған болатын. Ол кезде 29 жастағы Өзбекстан азаматы Сайфулло Саипов жүк көлігімен сегіз адамды таптап өлтірген болатын.