Тәуелсіздік талай тарландардың тұғырын биікке көтерді. Талай арландардың арманын жүзеге асырды. Тәуелсіздіктің арқасында қалықтағандар да, шарықтағандар да болды. Тіпті Тәуелсіздіктің тегін нанына семіргендер де, жілігін жыртқыштай кеміргендер де жетіп жатыр. Иә, бәрі бар, бәрі де болады...

Бірақ Алаш арыстарының арманы жүзеге асты деп, ел Тәуелсіздікке қадам басты деп, тақиямызды аспанға атқанмен, уақыт өте келе, халық екіге жарылып, бай мен кедейдің арасы алшақтап, байлар асқақтап, кедейлердің құр әншейін жан сақтап жүргеніне де куә болып жатырмыз.

Мен осы кезеңде халыққа адал еңбек етіп, маңдай терін төгіп, Тәуелсіздікке жан-жүрегімен қызмет еткен талай тарландарды білемін. Солардың бірі, бірі де болса бірегейі, менің досым – Балташ Тұрсынбаев. Екеуміз бір жылғы төл құрдас болған соң ба, әлде маған алғашқы беттен-ақ еліне деген адалдығы, қызметіне деген әділеттілігі ұнады ма, әйтеуір мен оны қай кезде көрсем де, іштей разы болып, құрмет тұтып жүрдім.

Мен алғаш Балташ туралы әңгімені қазақтың қадірлі жазушысы Сәкен сері – Жүнісов ағадан естіп, өзім де танысуға құштар бола бастаған едім. Ол кезде Балташ ауыл шаруашылығы министрі болатын. Сол бір қарбалас қиын кездерде Балташтың батыл қадамдарын байқаған ел-жұрт аңызға бергісіз әңгімелер айтып жүрді. Үнемі қасында жүрмеген соң, ол әңгімелердің артық-кемі болуы әбден заңды. Алайда халықтың өзінің құрмет тұтатын азаматына асыл сөздерін аяп қалмайтыны анық қой.

Балташ өзі Омбының қазағы. Сол Омбының Ауыл шаруашылығы институтын үздіктердің бірі болып тәмамдаған. Ресейдің оқу орындарының қай-қайсы болмасын саналы да сапалы білім жағынан талай елден алда тұратындығын сонау Кеңес үкіметі кезінен-ақ білетінбіз.

Омбы – бұрынғы қазақ жері екені әмбеге аян. Барған адамға ол өлкеден әлі күнге дейін қазақ жерінің иісі аңқып тұрады. Ресей қарамағында болса да, елдің тұрмысы, болмысы, тіпті менталитетіне дейін қазақ жері екені «мен мұндалап» тұрады. Тіпті ескі қазақи атауларына дейін өзгермеген. Мәселен, Балташтың өсіп-өніп, оқыған ауылы – Артықшыл деп аталады. Осы ауыл атына сай, Ресейді айтпағанда, Қазақстанның солтүстік өңірлерімен салыстырмалы түрде қарасақ, оның әлдеқайда артықшылығы бар. Ол тек атында ғана тұрған жоқ, сол ауылдардың артықшылығы – Кеңес үкіметі кезіндегі қалпын бұзбай қалғанында болып тұр. Біздегідей «жекешелендіру» науқаншылдығына ұрынбай, тұтас ауыл тура кеңес кезіндегідей кең де, кемел кезін ұстап отыр екен. Жекешеленгеннің өзінде ұжымдық бірлестікті бұзбай, сол елдің тұрғылықты халқына қызмет етіп жатыр. Сырттан келген де, кеткен де ешкім жоқ, сол баяғы ұлтымен, ұрпағымен ұйысып, ұжымдасып, өмір-тірліктерін жүйелі жалғап жатқанына куә болдық. Біздің Қазақстан шаруашылықтары да тура осындай еді ғой, оларға «не шапқыншылық болды» деген ойға ораласың. Елі орнында, жері сол қалпында, техникасы да, малы да дін аман елді көріп, қазақ өлкесінің өткен тірлігіне сағынышпен қарадық.

Бұл өлкеде қазақ халқына танымал талай тұлғалар туып-өскен. Елді ең қиын соғыс жылдарында басқарған Жұмабай Шаяхметов, партия қайраткері Фазыл Кәрібжанов және ел тұтқасын ұстаған тағы басқа кісілер шыққан. Солардың ішіндегі Жәнібек Кәрібжановтың есімі де, өзі де біздің көңілімізге тым жақын, ыстық тартады. Балташ екеуі бір өңірде туып-өсіп, оқып, білім алған. Алған білімдерін атамекені Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне жұмсаған.

Алайда Балташ екеуінің бағыты бір болғанымен, жолы басқаша болды. Екеуі де білімді, тәжірибелі маман. Мен Жәнібек Сәлімұлын тіпті ертеректен білемін. Себебі жаңадан құрылған Торғай облысының шаруашылықтарында ірі-ірі басшылық жұмыстарда болды. Алған ісін абыроймен атқара білді. Еңбегі бағаланып, басқарудың жоғарғы эшелондарынан орын алды. Облыс әкімі, министр дегендей... Алайда Жәнібектің «ләппай тақсырдың» күйіне түсіп, тек орындаушы ғана болып қалуын көпшілік қауым қабылдамады.

Балташ болса, сол кездің өзінде-ақ тым асығыс-үсігіс жасалып жатқан жаппай жекешелендіруге өз пікірін батыл ұсынды. Түбінде осы асығыстық бірдеңеге ұрындырар деп те қауіптендік.

Ауылдың әлі күнге дейінгі алаң жағдайы Балташтың сол кезде айтқан пікірлеріне ден қойдырды. Балташ осы асығыстықтың түбінде зардабы болатындығын жиі айтып жүрді.

Балташтың сол кезде ауыл шаруашылығы мамандарының үлкен бір бас қосуында елбасының жаппай жекешелендіру ұсынысына пікірі қайшы келгендігін көпшілік қауым әлі күнге дейін аңыз қылып айтып жүреді.

Әдеттегідей, ел тұтқасын ұстап тұрғандай, елбасы пікірін көзінше мақұлдап жүргенмен, сырттай күңкілдегендерге де куә болғанымыз бар. Сол кездегі Балташтың батыл ойларын оппозициялық басылымдар іліп әкетті. Ақырында тәжірибелі, тәлімді ауыл шаруашылық маманы Балташ Тұрсынбаевтың ой-пікірі дұрыс байлам болғандығын уақыт дәлелдеп шықты.

Балташтың өзінің де болжампаз екендігіне көзім жеткен бір істі баяндай кеткім келіп отыр. Қауіпсіздік кеңесінде қысқа мерзім ғана хатшы болып, одан Түркия еліне асып кетуі, одан да тұрақ таппай, «вице-премьер» болып, оның елге келген тұсы болатын. Ол кезде Жәнібек Сәлімұлы ауыл шаруашылығы министрі-тұғын.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы ісіне алаң болып жүретін Балташ сол жылғы күздегі егін жинау қарқынына көңілі толмай қалды. Соның себебін сұрағанда: «Биыл егіс танаптарында шегіртке қаптап, егінді жинатпайды!»– дегені бар.

Қоңыр күздің жайма-шуақ күндерінің бірі еді. Былай қарағанда, ауа райы да жаман емес, егін де бітік шыққан тәрізді. Балташтың бұл батыл сөзіне құлақ аспақ түгілі, тіпті қарсы шыққандар да табылды.

– Себебі, – деді Балташ, – біраз жылдардан бері шегірткелердің ұясы жерге көмілмей, ашық қалды. Демек, егістікке қолданылатын агротехникалык шаралар жүзеге аспады. Асса да, көп жерде шала-шарпы жүргізілді. Енді сол ұяшықтарда тірі қалған шегіртке тұқымдары биыл қаптап кету қаупі бар.

Ақыры Балташтың айтқаны келді. Бірақ бізді сендіргенімен, үкіметті сендіре алмады. Ауыл шаруашылық мамандары мұны жай сөз деп қабылдады.

Бір күні Астанадағы мен тұратын «қызыл ауылда» шегіртке қаптады да кетті. Тіпті есік-тереземізді қанша қымтасақ та, тесігін тауып, есебін тауып, үйдің ішіне дейін кіріп алды. Балташқа звондап:

– Айтқаның айдай келді! Енді не істейміз?! – дедім.

– Мен айтарымды – айтқанмын. Енді менен несін сұрайсың?! – деп іркілді Балташ.

Балташтың осындай батыл ойлары жүзеге асса, басқаны қайдам, еліміздің ауыл шаруашылық саласына, сөз жоқ, игілік әкелген болар еді, Бірақ амал не, біздің билікте Балташтың батыл ойларын қабылдар құлық болмады. Тіпті оны мемлекетіміздің маңызды салаларында белсене еңбек етіп, күш-жігерін шыңдауға, шындап келгенде, мүмкіндік бермеді. Билік тізгінін бермегені өз алдына, қайта оны қуғындап, жайбарақат жұмыс істеуіне де кедергі болды. Әр сөзінен саясат іздеп, сағын сындыруға дейін барды.

«Сағын сындырған» емей немене, мініп жүрген көлігіне әлдебіреулер тапа-тал түсте от қойып, ойранын шығарды. Онымен қоймай, «енді билікке қарсы сөз айтатын болсаң, өзіңе де қауіп төніп тұр» дегендей сөздермен байланысқа шыққан белсенділер де болған.

Алайда мұндай қаскүнемдікке Балташ Молдабайұлы мойыған жоқ. Қайта кеудесін тік ұстап, баяғы жайсаң, жайдары қалпынан бір таймады. Денсаулығы сыр берген сәтте де ешкімге шағымданбай, жалбарынбай, сырттан көмек сұрамай, дос-жораларының демеуімен шетелге барып, ем алып қайтты.

Шетел демекші, көрші Ресей елінің қазағы да, орысы да Балташты қатты қадірлейді екен. Тіпті Ресей мемлекетінің кейбір билік иегерлері Балташты Ресейге шақырып, іс-тәжрибесін бөліскісі келген тұстары да болған. Бірақ туған Қазақстанын қатты қастерлейтін бірбеткей Балташ бұл ұсыныстардың бірде-біреуіне мойын ұсынған емес. Қазақтың «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ұлағатты сөзін ол бала жасынан бойына сіңіріп өсті. Балташты қарапайым халықтың сыртында тіпті билік тізгінін ұстаған әріптестерінің өзі қадір тұтып, жылы лебіздерін аямағанына талай куә болдым. Әсіресе әріптестерінің ішінде қазаққа «өзіміздің Сергей» атанған Сергей Кулагиннің де, Балташтың үлкен ұйымдастырушы, іскер азамат екендігін талай айтқан игі тілектерін естігенім бар. Тізгіндес әріптестерінің бірін-бірі бағалап, әділ сөзін айтуы бізде әлі де сирек қой.

Ал әлемнің әйгілі бір ақыны Олжас Сүлейменов пен қазақтың әйгілі бір батыры Тоқтар Әубәкіровтер арасындағы достық, сыйластық қарым-қатынастарына талай тәнті болдым. Тіпті аса ешкімге жылы сөзін қия бермейтін, мақтауға сараң, сарабдал жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың өзі Балташтың 70 жылдық мерейтойында тебірене сөйлеп, игі тілек айтқан-ды. Мұндай біртуар адамдардың ешкімнің атақ-мансабына малданбай, адал сөзін айтатынын әркім-ақ біледі. Сол себептен қарапайым халық осындай уәжді сөз айтатын асыл азаматтарына әрқашан иек артатыны ақиқат.

Мен үшін Балташ Тұрсынбаевтың Қостанай облысында әкім болған кезеңдері ерекше есте қалды. Әрине, Қостанай – Торғай өңірін әркез басқарған біраз әкімдердің ел есінде қалғаны белгілі. Солардың ішінде Ж. Қосабаев, К.Укин, Т.Қадамбаев, әсіресе Өмірзақ Шөкеевтің кезіндегі келелі істердің ізі әлі күнге сайрап жатыр. Бұл күнде облыс тізгінін ұстап отырған Архимед Мұхамбетовтің де атқарып жатқан ауқымды жұмыстары мен игілікті істеріне ел-жұрт разылығын білдіріп отыр. Жақында ғана облыс жұртшылығы осы өңірде өткен ауқымды шаралардың ең үлкені – Қостанайда орнатылған Абыз-батыр Шақшақ Қошқарұлы Жәнібекке орнатылған алып ескерткішке куә болды.

Ал сол игілікті шараның соңынан іле-шала жалғасқан 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің қолбасшысы – Кейкі Көкембайұлына арнайы салынған кесененің орны ерекше болды.

Арқалық пен Торғай тас жолының бойында бой көтерген іргелі кесенеге, үстіміздегі жылы туған елге оралған Кейкі батырдың ғазиз басы жер қойнына тапсырылды. Осы екі шараның кең ауқымда өтуіне облыс басшылары мен елдегі батыр баба ұрпақтарының ересен еңбегі болғанын қадап айтуымыз керек.

Балташ Тұрсынбаевтың Қостанай облысын басқарған кезіндегі батыл ойлары бізді де тәнті етуші еді. Алдымен қазақтың талантты жазушысы Бейімбет Майлиннің ғасыр тойын республика көлемінде жоғары деңгейде өткізген облыс әкімінің болашақ ойлары мен мақсаттары ұлт үшін де, жұрт үшін де аса бағалы еді.

Бейімбет тойының бір нәтижесі – сол тұста ұлы жазушыға ескерткіш орнатылып қалды. Содан кейінгі Алаш арыстарына арналған алаң да Балташтың іс-жоспарында жүретін.

Басқа облыстарда қолға алынып, өз аймағындағы атақты адамдардың, ақын-жазушылардың жеке еңбектерін шығарып, шығармаларын кеңінен насихаттау үшін, «Тобыл-Торғай» кітапханасын қалыптастыру міндеті тұрған еді. Бұл игі бастама басқа облыстарда әлдеқашан жүйесін тапқан. Әйтсе де, таланттары дүйім дүниеге танымал бұл өңірде осы бір игілікті іс әлі күнге дейін өз бастауын таппай-ақ қойды. Осыған орай айтар бір сөз ойға оралып отыр.

Ертеде Бейімбеттің өзі белсене ұйымдастырған Жалшы ауылын Балташ басшылық жасап тұрған тұста жазушының мерейтойына орай қайтадан қалпына келтіріп, жап-жаңа елді мекенді сыйға тартқан еді. Сөйтіп, Балташ Жалшы ауылын өркендетуді көздеген Бейімбеттің арманын жүзеге асырды. Алайда артынша Балташ орнынан кеткеннен кейін, сол ауылдың сау-тамтығы да қалмады...

Қостанай облысы – астықты өңір. Балташ осы өлкедегі егін мен мал шаруашылығы бағытындағы басты нысандарды ірілендіруге көп күш жұмсаған еді. Әттең не керек, жеме-жемге келгенде, көптеген игілікті істердің жүзеге асуына мүмкіндік бермей, жедел түрде орнынан ығыстырылды. Балташ Қостанайдан кеткеннен кейін, «ана қызымнан мына қызым сорақы» дегеннің кебі келіп, облыс тізгінін ұстағандардың көбі шетінен жемқор, жалмауыз болып, «түйені түгімен, машинаны жүгімен жұтты». Ел-жұрт жария болғандардың санын ғана білсе білер. Ал көзге көрінбей жүрген «көлденеңді көк аттылар» қаншама дерсің?

Осындай кезде ел-жұрт, қарапайым халық Балташ сынды асылдарын іздейді. Ұлттың тілін, білімін, дінін әспеттейтін, дәстүрін дәріптейтін, салтын сақтайтын салиқалы басшыларды іздейді, соларды сағынады. Тобыл–Торғай өңірі әлі күнге дейін Ильяс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Сақан Құсайынов, Еркін Әуелбеков сынды ерлерін аңыз қылып айтып, ауыздарынан тастамайды. Соның басты себебі – олардың елін-жерін сүйген, ұлтына қызмет еткен ұмытылмас істері болса керек. Олардың өңір жұртына жасаған игілікті істері ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болып, алдағы ғасырлардың еншісіне енбек.

Ендеше Біздің Балташтың да өз халқына қалдырған ізі, іскерлігі, Отанға, қоғамға деген белсенділігі, тіпті бірегей бірбеткейлігі мен батылдығы – Қазақ елінің алтын қазынасына айналып, рухани байлығымыз бола берері хақ.

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, ақын

«DAT» газеті

“The Qazaq Times”