Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің президент болып сайланғанына бүгін бір жыл болды. Ол 2016 жылдың 4 желтоқсанында өткен президент сайлауында 88,61 пайыз дауыс жинап, Ислам Кәрімовтың орнын басқан. Бір жылдық президенттік қызметінде Шавкат Мирзиеев не тындырды?
Ислам Кәрімовтың кезінде 13 жыл премьер-министр болған Шавкат Мирзиеев билік басына келе салысымен кадр мәселесімен айналысты. Ол 26 жыл бойы аудан әкімдігінен бастап, министрліктерге дейінгі аралықтағы креслоларға жайғасқан Кәрімовтың ескі командасын 35-40 жастағы жас буынға алмастырды. «2017-2021 жылдар аралығындағы Өзбекстанның даму стратегиясы» бағдарламасын қабылдады. Ел үкіметіне 2025 жылы «Doing Business» әлемдік рейтингінде үздік жиырмаға кіруге тапсырма берді. Осы мақсатқа жету үшін жеке кәсіпкерлер үстінен апта сайын тексеру жүргізуге тыйым салды және ұлттық валюта сумды конвертациялады. 90-жылдардың ортасынан бері Өзбекстанда валюта айырбастау мүмкін емес болатын. Қарапайым халық валюта айырбастау үшін «қара нарық» қызметіне жүгінуге мәжбүр болған. Валюта конвертациясынан кейін, өзбек халқы заң шеңберінде айырбастау пунктерінен қалағандарынша валюта айырбастауға мүмкіндік алды. Бірақ конвертация салдарынан сум екі рет девальвацияға ұшырап, елде азық-түлік бағасы қымбаттады. Осыдан кейін Тәуелсіз Өзбекстан тарихында тұңғыш рет елдің алтын валюта қорында қанша қаржы бар екендігі жария етілді. Өзбек халқы валюта қорында 26 миллиард доллар қаржы бар екенін білді.
Енді Өзбекстанның қазіргі сыртқы саясатына келсек. Бұл арада Шавкат Мирзиеевтың қысқа уақытта 26 жылда болмаған жетістікке қол жеткізгенін байқаймыз. Ол соңғы бір жылда Қырғызстанмен арадағы шекараның 85 пайызын делимитациялап, Қазақстанмен жақсы қарым-қатынас орнатып, жаңа шекара бекетін ашты. Түркіменстанмен арадағы тұралап қалған темір жол мен тас жолды қайта жандандырды. Әлемдік державалармен қарым-қатынас тепе-теңдігін сақтап тұру мақсатында Қытай, Ресей, АҚШ елдерінің үшеуіне де ресми іс-сапармен барды. Бұған қоса Түркиямен қарым-қатынасты қайта жандандырып, араға 20 жыл салып Анкараға ат басын бұрды. Бұдан бөлек ол АҚШ-қа жасаған іс-сапарында терроризм мәселесі бойынша мәлімдеме жасады. Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 72 сессиясында сөйлеген сөзінде: «Терроризм ошақтарын күшпен басу ешқандай нәтиже берген жоқ. Ендігі кезекте Өзбекстан билігі терроризмнің алдын алу үшін адамдардың санасы үшін күрес жүргізетін болады. Ол үшін Өзбекстанда ислам институттарын ашуды жоспарлап отырмыз» - деді. Мирзиеев осы мәлімдемесі арқылы ұзақ жылдардан бері ресми Ташкентті сынап келген батыс елдеріне өзінің билік басына келуімен Өзбекстанда адам құқығы тиісті деңгейде қорғалатынын меңзеді. Аталмыш мәлімдемеден кейін Өзбекстан «Human Rights Watch» халықаралық адам құқығын қорғау ұйымымен қайта жұмыс істей бастады. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының дін бостандығы жөніндегі арнайы өкілі Ахмад Шахид алғаш рет «Жаслық» түрмесіне барды. Онда ол діни экстремизм бабы бойынша сотталған 700-ге жуық адамның хал-жағдайымен танысты. Бір сөзбен айтқанда Мирзиеев Өзбекстанға инвестиция тарту үшін батыс елдері қойған барлық талаптарды орындауға дайын екендігін аңғартты.
Қорыта келгенде Шавкат Мирзиеев билік басына келген бір жылда көптеген жұмыстар атқарды. Қазіргі таңда оның жүргізіп отырған саясаты Өзбекстан халқының 90 пайыздан астамы қолдайды. «Ижтимоий фикр» әлеуметтік зерттеулер орталығының жүргізген сауалнамасы бойынша, Өзбекстан халқының 93,1 пайызы Мирзиеев билігіне сенеді. Ал 90,2 пайызы Мирзиеев жүргізіп отырған саясат ел халқының үмітін ақтады деп есептейді. Бірақ шетелдік сарапшылардың ойынша, Өзбекстан халқына қуануға әлі ерте. Себебі Ислам Кәрімов құрып кеткен саяси жүйені өзгерту үшін Мирзиеев билігіне әлі талай реформалар жасау керек. Ал ол реформалардың қандай қиындықпен келетінін қазірдің өзінде ел халқы сезініп жатыр.