Кеше Зимбабве әскері мемлекет басшысы Робет Мугабе мен оның отбасы мүшелерін тұтқынға алғаны туралы хабар тарады. Әскерилер Хараре көшесі бойында сап түзеп, Парламент ғимаратын қоршауға алды және мемлекеттік радио мен телеарна арқылы ресми хабарлама таратты. Олардың айтуынша, әскердің көздегені - ел Президенті емес, оның маңындағы жемқор шенеуніктер. Мемлекет басшысы мен оның жақындарының өміріне еш қауіп төніп тұрмағанын жеткізген әскери қолбасшы Сибусисо Мойо өзінің қол астындағылардың әрекетін "мемлекеттік төңкеріс" деп атаудан бас тартты.
Әскер басшысы мемлекеттік қылмыс жасаған шенеуніктер қолға түскен сәттен бастап, барлығын бұрынғы қалыпқа қайтаруға уәде берді. Президент тұратын ауданда мемлекеттік әскердің қатысуымен атыс болғаны туралы ақпараттан кейін, бүкіл әлемдік қауымдастық аталған іске қатысты алаңдаушылық білдіре бастады.
Оңтүстік Африка Президенті Джейкоб Зума Роберт Мугабеден өзінің үй қамақта отырғаны туралы хабар алғанын айтады. Қазір Президент пен оның әйелі және бірқатар саяси жақтастарының қайда екені белгісіз. Оңтүстік АФриканы дамыту қауымдастығы Зимбабведегі саяси дағдарысты шешу үшін Ботсванада Еуроодақ, Ұлыбритания мен БҰҰ қатысуымен кездесу өткізетінін мәлімдеді.
Роберт Мугабе елді Зимбабве Ұлыбританиядан тәуелсіздігін алған 1980 жылдан бері басқарып келеді. 93 жастағы Президенттің биліктен кететін күні жақындағалы, оның орнын басатын келесі тұлға туралы болжамдар жиіледі. Өткен аптада сырқаттанып, төсек тартып жатқан Роберт Мугабенің Премьер-министр Эммерсон Мнангагваны қызметінен босатуы билікке таласты қыздыра түсті. Ондаған жылдар бойы Президенттің ең жақын адамдарының бірі болып келген Мнангагва Оңтүстік Африкаға барып, мемлекет басшысының астыртын істері мен оның әйелі Грейс Мугабенің кезекті Президент болу туралы мақсатын әшкерелейтін, 5 беттен тұратын баяндама жариялады. Генерал Константино Чивенга дүйсенбі күні баспасөз конференциясын өткізіп, Президент партияның белді көшбасшыларын Мнангагваның ізімен "алып тастау операциясын" жалғастыратын болса, оны тоқтату үшін қажетті шаралар қабылдайтынын жеткізді.
Зимбабве халқы өздерін соңғы саяси оқиғаларға қатысты қала көшелеріне шығып, наразылық білдіруден аулақ ұстап отыр. APF ақпараттық агенттігінің тілшісі жергілікті халықтың ойын сұрағанда, олар бұл оқиғаның жоғарыдағы топтар арасында болып жатқанын әрі топтарға біріккен жұртшылық көшедегі әскерилер тарапынан күш көрсету фактілеріне тап болудан сақтанатындықтарын айтқан.
Зимбабведегі саяси дағдарысқа қатысты репортаж жасауға келген бірқатар шетелдік журналист әуежайдан кейін қайтарылған. Сарапшылар Үкіметтің болған оқиға туралы пікір білдірмей, үнсіз қалуы Президент билігінің соңынан жеткенін көрсетеді деп есептейді. Роберт Мугабе әлемдегі ең егде жастағы мемлекет басшысы есебінде Зимбабве экономикасын ең төменгі жағдайға жеткізді. Қазір елдегі жұмыссыздық деңгейі 90 пайыздан көп. 2009 жылы гиперинфляция әсерінен мемлекет өзінің ұлттық валютасынан бас тартқан.
Осыдан бұрын Роберт Мугабе келесі жылы Президент сайлауын өткізетінін хабарлаған еді. Негізгі үміткерлер, саяси тартыстың екі ұшын ұстап отырған Президенттің өмірлік жары Грейс пен бұрынғы вице-Президент Мнангагва. Бірақ олардың арасындағы саяси ойын мемлекет әскерінің билікті өз қолына алуы арқылы жаңа бағытқа ойысты. Әзірге өздерінің "мемлекеттік төңкеріс" жасағандарын мойындамай отырған әскердің келесі қадамы қалай болатыны белгісіз...