«Bank RBK» АҚ акционері Владимир Ким қаржы институтының жарғылық капиталын толтыру үшін 20 мрлд теңге жұмсамақ. Бұл қаржы 2017 жылдың соңына дейін аударылады.  

Бастапқы капиталдандыру (докапитализация) банктің жай акцияларының қосымша эмиссиясы бойынша жүзеге асады. Банктің жарияланған жай акцияларының санын арттыру туралы шешім 2017 жылдың 15 тамызында акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданған. Бастапқы капиталдандыру нәтижесінде банктің нормативтік капиталы шамамен 127 млрд теңге, баланстық меншік капиталы шамамен 117 млрд теңгені құрайды.

«Bank RBK» АҚ-ның капиталдандыру туралы шешімді қабылдауы Ұлттық Банк әзірлеген банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасына қатысу ниетімен байланысты.

Айта кетейік, осы бағдарлама арқылы Ұлттық Банк акционерлердің жауапкершілігін қамтамасыз ете отырып капиталдандыру үшін банктерге ұзақ мерзімді қаржыландыру (төлемдер, мерзімділік және өтеу қағидалары бойынша) береді. Ұлттық банк бұл бағдарламаның басталғаны туралы шілде айында хабарлаған.

Ұлттық банктің мәліметінше, банктерге қаржы ұсынатын бағдарламаға капиталы 45 млрд теңге шамасында болатын 15 қаржы институты қатыса алады. Яғни Владимир Кимнің банкті 20 млрд теңгеге капиталдандыруына қарағанда «Bank RBK» АҚ капиталы 45 млрд теңгеден төмен болуы мүмкін. Алайда банктің мәліметінше, 2017 жылдың 1 тамызындағы есеп бойынша қаржы институтының жеке капиталы 96,6 млрд теңге, жарғылық капиталы 64,4 млрд теңге болған. Бұдан Bank RBK-ның Ұлттық банк бағдарламасына қатысуы негізсіз екенін аңғаруға болады.

Тағы бір ескеретін жайт, банктің хабарлауынша, Standard & Poor's халықаралық рейтинг агенттігі аталған банктің контрагенттерінің ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредит рейтингін «CCC + / C» деңгейіне, ұлттық шкала бойынша «kzB» деңгейіне дейін төмендеткен. Банктің түсіндіруінше, рейтингтің төмендеуі банктің бизнес құрылымындағы өзгеріспен және банктің  «Qazaq Banki» АҚ-мен бірігуімен байланысты.

Айта кетейік, мамыр айында Қазақстандағы «Bank RBK» АҚ мен «Qazaq Banki» АҚ акционерлері қаржы институттарын біріктіру туралы келіссөз жүргізіп жатқаны хабарланған болатын.

“The Qazaq Times”