Халық банк пен Qazkom және Алтын банк Ұлттық банктің сауықтыру бағдарламасына қатыспайды. Бұл туралы Халық банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова баспасөз конференциясында мәлімдеді.
"Халық банк те, Алтын банк сынды еншілес банктер де, Qazkom-да Ұлттық банктің бұл бағдарламасына қатыспайды. Біз өзіміздегі проблемалы кредиттердің үлесін кредиттерді жабу, активтерді сату және басқа құрылымдар арқылы төмендететін боламыз", - деді Шаяхметова.
Сондай-ақ, банк басшысы Qazkom акционері болып отырғандықтан Халық банк аталған банктің барлық міндеттемелеріне жауап беретінін атап өтті.
"Қазіргі таңда Qazkom-ның директорлар кеңесінен бастап басқарма менеджменті толық өзгерді. Қазір бәрі бақылауда. Банктің 99 пайызға жуық акциясына иелік етеміз... Енді алдағы уақытта Халық банктің де, Qazkom менеджментінің де алға қойған міндеті - Qazkom-ды одан ары дамыту үшін жаңа стратегияларды құру. Сондай-ақ, бұған дейін айтылғандай, банктер екі бөлек қаржы институты ретінде және екі бөлек заңды тұлға ретінде сақталады", - деді Халық банк басшысы.
Айта кетейік, ҚР Ұлттық банкі шілде айында Қазақстандағы ірі банктерді қолдау бағдарламасының басталғаны туралы хабарлаған. Бағдарламаға 500 млрд теңге жұмсалуы мүмкін және ол банктердің жиынтық капиталы 1 трлн теңгеге жеткенше 15 жылға созылады. Бас банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың сөзінше, алдағы 1,5 ай ішінде Ұлттық банктің еншілес ұйымы әрбір банкті сауықтыруға қатысты жеке жоспар дайындайды. Ұйым осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында іске қосылып қалуы мүмкін.