Өткен ғасырдың соңынан бері, дәлірек айтсақ, Кеңес одағы құлап, Америка Құрама Штатымен жүзбе-жүз қарсы келетін тұтас режимге бағынған ел қалмаған тұста АҚШ Ресей, Қытай және ислам әлемін айналдыра қоршаған «демократия егу» операциясын бастап кетті. Азаматтардың тең құқықтылығы, азаматтық қоғам, асқақ демократия, адамдық құқық... Бұлардың бәрі Құрама Штатта өз үлгісінде жетілген. Дегенмен, осы бір мұнтаздай сүйкімді ұғымдар Американың қолымен Орта-Шығысқа әкелінгенде «жан алғыш құбыжыққа», мәдениет қалыптарын қиратып, орныққан жүйелерді құлатушыға айналғаны қалай?!

АҚШ демократиясы көбірек «егілген» топырақтар Ауғанстан, Ирак, Сүрия және Африкадан Сомали болды. Бұлардағы «демократия егу» науқаны әр алуан сылтаулармен жүзеге асырылды. Саддам режимінде ядролық қару бар деген желеумен АҚШ армиясы Иракқа кірді. Ирак бүлінді. Саддам тағынан құлатылды. Өлім жазасына кесілді. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ғана АҚШ Саддам үкіметінің ядролық қаруын былай қойғанда, химиялық қаруының да жоқ екенін мойындады.

Каддафи Ливияны бір ауыздан соңына ілестіріп келген. Демократия сөзінен бұрын ливиялықтар мен қазіргі «демократияға жеткен» ливиялықтар арасында жермен көктей айырмашылықтар бар. Неге?

Ауғанстанда, Сомалиде, Иракта, Сүрияда болсын бәрінде де бір көрініс – ең бастысы жазықсыз жандар зардап шегуде. Қазірге дейін осы аталған елдердегі, аш-жалаңаш жетім қалған балаларды айтпаған күннің өзінде, шамамен 5 млн жазықсыз халық қырылған. Түркия мен Иран және Ресей жақ Сүриядағы YPG қарулы топтарын, АҚШ қолдауындағы террорлық ұйым деп қарап келеді. Бұл ұйым негізінен күрдтерден құрам тапқан. Олар күрдтердің тәуелсіздігі үшін күресу деген желеумен Сүриядағы миллионнан аса күрд тұрғынның 700 мыңнан аса адамын күштеп көшірген. Бұлардың көбі Сүрияның шығысы, солтүстік-шығысы және Түркия жерлеріне апарылған.

Түркия ақпарат құралдары қазір күрдтерге бірден бір бейбіт пана беріп, қамқорлық жасаған Түркия ғана деп көрсетеді. Олай айтуының да жөні бар. Түркия ақпарат құралдары көрсеткен мәліметтерге қарағанда Түркиядан пана сұрай барған күрдтердің саны 500 мыңнан асқан. Ал, қазір Ирактың солтүстігіндегі тәуелсіздік сұрап отырған Күрд Автономиясына бұлардың 70 мыңдай адамы қоныс аударған. Күрдтер оған дейін өздерінің мыңдаған жылдар мекендеген жерінде азаматтық мәртебесі берілмей, Сүрия билігі жағынан босқындар қатарында танылып келген.

Қазір күрдтерге сырттай сұраушы болып отырған - «күні батпас» Америка Құрама Штаты. Алайда, Трамптың жаңа көші-қон заңында шектеуге ұшыраған елдердің бәрінде күрд босқындары толып жүр. Бір нәрсе анық, демократияның ешбір жазығы жоқ. Осы қателіктер үшін де демократия ұғымы қараланып қалмайды. Бірақ, демократия бетпердесін киген бір күш, Орта Шығыс пен Таяу Шығыста өз мүддесінің сойылын көтеріп жүр. Егер шынымен адамдық құқық бар болады екен, демократияны халықтардың өз жолымен іздеп табу құқығы да бар. Күштеп таңу немесе соның желеуінде жасалған барлық қателік адамзат санасынан демократияны күңгірт етеді.

“The Qazaq Times”