Венесуэланың Конституциялық билігі жұма күні мемлекет басшысы Николас Мадуроның құзыреттілігін арттыратын заңнамалық өзгерістерді қабылдады. Оппозиция өкілдері аталған өзгерістерге толықтай қарсы шығып, Николас Мадуроның диктатура орнатуға жақындап қалғанын айтады. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.
Венесуэланың халықтық көтерілістер мен қарсылықтарға қарамастан сайланған Құрылтай жиналысы Николас Мадуроға бейбітшілік, қауіпсіздік, азаматтардың құқықтары, әлеуеметтік-экономикалық, қаржы жүйесін реттеу, мемлекеттік активтер мәселелері бойынша заңнамалық құзыреттілікті беруді бірауыздан қолдап, дауыс берді.
Бұл оқиға Венесуэлада сәуір айынан бастап жалғасып келе жатқан саяси дағдарыстың шарықтау шегі болып, халық арқылы сайланған Ұлттық Ассамблеяның қолындағы барлық билікті тартып алды.
Оппозиция Конституцияға өзгерістер енгізу мақсатында құрылады деп жарияланған Құрылтай жиналысының барлыө билікті қолына шоғырландырып отырғанын, осылай ел Президенті халықты алдағанын айтады. Николас Мадуроның отбасы мүшелері мен серіктестерінен жиналған 545 адамнан тұратын Құрылтай жиналысына елдегі барлық мемлекеттік органдар бағынатын болады. Бұл туралы жұма күні заңға енгізілген өзгерістер барысында хабарланды.
Құрылтай жиналысы өз жұмысын бастағалы бірінші кезекте Николас Мадуроның саясатын қатаң сынаған Венесуэланың Бас Прокуроры Луиза Ортегоны қызметінен босатты. Луиза Ортего: "Менің қолымда Николас Мадуро мен оның сыбайластарын түгел әшкерелейтін дәйектер бар. Онда мемлекет басшысының Бразилиядағы Odebrecht құрылыс компаниясындағы жемқорлық дауына қатысы бар екенін растайтын айғақтар бар. Сондықтан да олар мені қудалап отыр", - деп мәлімдеді.
Кеше кедендік полиция Луиза Ортегоның күйеуімен бірге Колумбияда екенін жеткізді. Колумбия Мадуро саясатына қарсы болып отырған мемлекеттердің бірі. Бұрынғы Бас Прокурордың бұл елден саяси баспана сұрайтыны не уақытша аялдап отырғаны әлі белгісіз.
АҚШ Николас Мадуроға қарсы санкциялар жариялап, мемлекет басшысы авторитарлық диктатураға ұмтылудан бас тартпайынша, Американың экономикалық және дипломатиялық күштерін түгел Венесуэла халқының демократия орнату жолындағы күресіне көмекке арнайтынын хабарлады.
Дональд Трамптың қажет болған жағдайда Венесуэлаға әскери интервенция жасайтыны туралы мәлімдемесінің салдарын жоюға ниеттенген Майк Пенс Латын Америкасы елдеріне сапары барысында Каракасқа экономикалық қысым арқылы да әсер етуге болатынын айтты.