Ұлы Дала жұртының пәрменімен 2023 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстанның өзгерген конституциясының талаптарына сәйкес Республика Парламенті Мәжілісінің ,сондай-ақ жергілікті(облыстық,қалалық,аудандық)мәслихаттардың жаңа құрамын сайлау науқаны басталып та кетті...
Әлемдік демократия мектебінің қалыптасқан үлгісіне негізделген бұл Сайлау, бұйырса, әне-міне, суырылып, сөресінен шыққан бәйге аттарындай мәреге бұрын жету үшін барын салар қиқуы қалың аламанды еске салары анық. Дауысты кім көп алады? Сайлаушылар жүрегіне қай партия көбірек жол табады? Қысқасы абырой биігіне кім бұрын көтеріліп,жеңіс туы кімнің қолында желбірейді?!
Үстіміздегі жылдың 19 наурызы күнгі Мәжіліс пен Мәслихаттар құрамы анықталар сағаттың соңғы қоңырауы соғылғанша ұлы байтағымыз осындай қилы-қилы сәттердің куәсі болары күмәнсіз...
Әркім өз партиясын таңдап,әркім өзі қалаған кандидатқа дауыс береді. “Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады” дейді біздің қазақ. Әлемнің түкпір-түкпірінен қадағалаушылар келіп, Сайлау барысына өз бағасын берер айтулы науқанның дамудың жаңа кезеңіне өткен Жаңа Қазақстан үшін үлкен сын болары күмәнсіз. Сынға билік қана емес, демократиялық құндылықтарды танып, талдап, саралай білер, бағалай білер халық есімді алып аудитарияның, яғни сайлаушылардың таңдай білу мәдениеті мен Отан алдындағы жауапкершілік рухы да қоса түспек. Мәселе «сырт көз сыншы» туралы ғана болып отырған жоқ. Біздің пайымдауымызда, мәселенің тамыры әлдеқайда тереңде жатқанын ұмытпауымыз тиіс. Қадағалаушы келеді, кетеді. Саясат дейтін қырық қатпарлы көзге көрініп, қолға іліне бермес сиқыры мен жұмбағы мол әлемнің қай сөзіне сенерсің... Келушінің бәрі адал сөзін айтып, ағынан жарылып, әділ бағасын беру -бермесі екі талай...Сондықтан таразы басына ұлт пен ұлыстың таңдау қабылеті түскелі тұрған бұл Сайлауға әр қазақстандық өзінің конституциялық құқын толық пайдалануы керек екенін есінен екі елі шығармауы қажет деп ойлаймыз.
Өйткені... Біздің таңдауымыз аса күрделі дәуірмен бетпе-бет келіп, өзін-өзі сақтау, өзін-өзі қорғау қабылеті сынға түскелі тұрған Қазақ Елінің
қазіргі кезеңдегі саяси бағыты мен бағдарын белгілеп, экономикалық даму деңгейін анықтайтын, әрі қазіргідей әлем қыл үстінде тұрған, жасыратыны жоқ, дүние жүзі Батыс, Шығыс болып, қақ айырылып, екіге бөлініп, ұлы соғыс қарсаңында тұрған тұста жүзеге асқалы отыр. Мұндай аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасқан кезеңде, біріншіден, Президент Тоқаев жүргізіп отырған сабырлы, сындарлы саясатты қолдайтын Парламенттің болғаны ауадай қажет! Екіншіден, Мәжіліс Парламентінің жаңа құрамы парасат, пайымы терең, саяси білігі мен азаматтық ұстанымы берік, халықшыл, қоғамшыл, мемлекетшіл, өз ойы, өз пікірі бар тұлғалардан жасақталуы тиіс. Үшіншіден, бұл Парламенттің ел тағдырын анықтайтын “ықпалды” билікке ие болғанын мықтап ескеруіміз керек. Жаңа конституцияға сәйкес Парламент ел тағдырына қатысты кез келген тарихи құжаттар мен мемлекеттік маңызы зор мәселелердің тұсында табанды мінез танытар тәлімі мол билік тармағына айналуы тиіс.
Ол үшін...
Халық Сайлауға жұмыла қатысып, өзінің әділ, ақ сөзін айтып, «ала қойды бөле қырықпайтын» орынсыз өрекпіп, өз имиджін көтеру үшін арзанқол саясаткерлікке бармайтын, мемлекет тағдырын “ойыншық”
етіп, ел ішінің береке-бірлігін кетіруден ойын да, бойын да аулақ ұстайтын азаматтарды таңдауға белсенді атсалысу парыз!
Иә...
Әділ шешім адал сөз, айқын пікірдің додасы қалың болған тұста анықталады. Осы тұрғыдан қарағанда, сөз
жоқ, көп партиялы парламенттің болуы қажет, әрі заңды.Бұл шыңғырған шындық пен ащы ақиқатты айту мен анықтау үшін керек! Тұлғалар сайысы да осындай ел бірлігі мен жер тұтастығы үшін керек.
Бұл-тарланбоз тарихтың тәлімді сабағы! Сол тәлім, сол сабақ бүгінгі таңдаудың тұсында көреген жұртымызды қалай сынға салса, ертең де талай сынға салары солай анық!
Ойлап көріңіздерші,
Біздің ел Қаңтардың қанды оқиғасынан бері қаншама қиын-қыстаулы сәт-сағаттарды басынан өткермеді?!Бас аяғы бір жылдан асар-аспас қысқа мерзім ішінде Қазақ Елі басынан қилы, қиын қанқырғын оқиға мен әлемдік сыйпаттағы аса күрделі саяси тартыстарды, ел тағдырын сынға салған алуан түрлі экономикалық қиындықтарды өткізіп келеді. Әлемдегі тарихи оқиғалардың додалы кеңістігі болып келе жатқан осынау қос құрлықты қатар жайлаған Алаш жұртының тағдыры қашан жеңіл болып еді?!Арғы дәуірлерді айтпай-ақ, тағдыры тәлкекке сан түскен салқар кеңістіктің соңғы екі ғасыр ішіндегі бастан кешкенін еске алсақ та жеткілікті...Екі құрлық...Екі мәдениет...Екі түрлі өркенит...кыспағына түскен кешегі көсем мінезді кемел елдің жиырмасыншы ғасырды өз төрінде 90 пайыздық басымдықпен қарсы алып, өткен ғасырдың алпысыншы жылын өз елі, өз жерінде өгейлік қамытын киіп, 29 пайыз болып қалуы ұлт қасыретінің ауыр көрінісі екені айтпай белгілі...
Бұл- кешегі тарихтың арқа шымырлатар ащы шындығы!
Өткенін ұмытқан елдің өрісін өрт шалады. Бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Біз, Жұбан ақын айтпақшы, «мың өліп, мың тірілген халықпыз»...Тарихымыздан асқан шешен жоқ! Тарихымыздан асқан көсем жоқ! Күнгейлі сәттеріміздің де, көлеңкелі кездеріміздің де он сан үлгісі мен мысалын сол көсем мінезді, шешен тарихымыздан молынан табуға болады.Тәуелсіз Еліміздің тұғырын ырғап, шаңырағын шайқауға ұмтылған ішкі, сыртқы күштердің жойқын қимылы Ұлы Даланың тағдырын ұстара жүзіне байлаған 2022 жылдың басындағы қан құсқан Алматы мен қара тұман қолқасын қысқан қасыретті қаңтарды қара орман қазақ жұрты қалай ұмытсын?!. Елінің есендігі мен жұртының тұтастығын сақтап қалу үшін басын бәйгеге тіккен Президент Тоқаевтың сол бір қиын сәт сағаттардағы тарихи ерлігі де жаңа тарихымыздың жарқын беттерінің біріне айналары шүбәсіз!..
Иә...
Әлем тынышсыз...
Украина жеріндегі қан-қырғын басылар емес. Уақыт өткен сайын ушығып, соғыс өрті өршіп тұр...Күні кеше ғана көгінен шуақ пен нұр төгілген ұлы Кобзарьдің елі адам танығысыз күй кешуде. Бауырлас екі ел арасындағы ақылға сыия бермес қан-қырғын соғыс күллі әлемнің бет-бейнесі мен қалыбын өзгертіп жіберді.Үш жылға созылған пандемияның шеңгелінен енді шықтық па деген адамзат алдынан түйіні шымырланып бйланған шешімі қиын күрделі сұрақтар қатары күн санап көбейе түсуде...
Әлем жұртшылығын алаңдатып, жер
тағдыры тығырықққа тірелген осындай қиын да күрделі кезеңде ХАЛҚЫМЫЗ ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҰМЫЛЫЛЫП, АТА ЗАҢ аясында өтіп жатқан Парламент Мәжілісі мен Жергілікті Мәслихаттар Сайлауына адал сөз, әділ ойымен қатысып, өз құқын ТАРАЗЫҒА салады деген сенімдемін. Өйткені таразы басында Ел ертеңі, ата-бабалар рухының аманаты тұр. Сол аманатқа адал болайық.
Нұрлан Оразалин
Ақын, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Сыйлғының Лауреаты,
Сенторлар Кеңесінің Мүшесі, Ұлттық Ғылым Академиясының Құрметті Академигі