Қосымша:   Жақында «Шелек тарихи-өлкетану музейіне» сәулетші-ғалым, профессор Төлеубек Қарамендітегі келіп қайтқан еді. Сол кезде музейдегі «Еңбек ерлері мен ел ағалары» залындағы «Ауған соғысының ардагерлерінің» фотосы тізілген қабырғаға қарап тұрып: қазіргі күнде Ауған соғысының адамзат тағдырына ешқандай пайдасы тимеген соғыс екенін, ол Кеңес одағының жіберген саяси қателігінен болғандығын жазып жатыр. Соғыстың жалпы барысынан алып қарасақ, шындығыда сол. Сондықтан ендігі жерде Ауған соғысының ардагерлерін кейінгі ұрпаққа мақтанышпен үгіттеудің қажеті жоқ,- деген сыңайда өз ойын айтқан еді. Бірақ, Ауған соғысы қандай мақсатпен басталса да, миллондаған адамдардың жанын жалмап, мүгедектер қатарына қосты. Соғыстың шын бейнесі ашылса да, Ауған соғысына қатысқан әрбір жауынгердің қателігі жоқ. Сол себепті де осы мақаланы Ауған соғысына қатысқан ардагерлердің көңіліне жансебіл болсын деген мақсатпен жазып отырмын.

 Ауған соғысының артқы көрінісі

ХХ ғасырдың соңғы жартысындағы 2 миллионнан астам адамның өліміне себепші болған Ауған соғысының қасіреті мен қайғысы да, даңқы мен дақпырты да әлі күнге дейін талай адамдардың көңілінен өше қойған жоқ. Жыл сайын ақпан айындағы Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу апталығы осының дәлелі. Толарсақтан қан кешіп, өлім мен өмірдің ортасында жанталасқан ардагерлер, шындығында кім үшін, не үшін арпалысқа түскенінің саяси астарын біле бермесе керек. Еліміздің оңтүстік аймағын жаудан қорғаймыз деген жалған ұранның құрбаны болғанын кеш сезгенде болар. Бәлкім сезбеген де шығар. Хош, не үшін жалған ұран,- деулері де мүмкін. Сол үшін ауған соғысының артқы көрінісіне көз жүгіртелік.

Ауған еліне КСРО әскері басып кіргенге дейін, екі ел арасында тең тұрғыдағы барыс-келістік достық бар болатын. Бұған Ауғанстанның сол кездегі басшысы Дауд шахтың: Кеңес одағының азаматтарына күліп қарауымыз керек,- деген сөзі жанды мысал. Тағы бір бейресми деректерде дүние жүзілік екінші соғыс кезінде Ауғанстан Кеңес одағына заттай қол ұшын бергені де айтылады. Өйткені Германия билігі Кеңес одағын бағындырса, өздеріне де қауіп төнерін жақсы білген. Сол үшін де Кеңес одағына заттай көмек атаған. Екі ел арасындағы бұл достық тым ұзаққа жалғаспағаны белгілі. Өйткені 1977 – 1979 жылдары Ауғанстанда ішкі бөлінушілік оты тұтанды. Ішкі билік таласынан Кеңес одағымен достық қатынас орнатуға мұрындық болған Дауд шахты КСРО қолдаған Халықтық демократиялық партиясының өкілі биліктен тайдырды. Алайда, ауған халқы бұл партияның басшылығынада толықтай бағына қоймады. Өз билігін нықтап ұстап, халық қарсылығын басу үшін, Халықтық  демократиялық партиясының басшылары Кеңес одағының әскери көмегіне сүйенуге мәжбүр болды. Осы кезден бастап Кеңес одағы ауған соғысының алғашқы білтесін жақты.Дауд шах билік құрған кездегі орнатқан достық қатынастың астарындағы саяси жоспарларының шын кеспірі ашылды. Өйткені Кеңес одағының ойлағаны ауған жерін өзіне бағындыра отырып, Орта Азиядан Тынық мұхитына дейінгі жерге өз билігін жүргізу болатын. Және де Ауған жері арқылы экономикалық қуатын нығайтуды да көздеген. Оған себеп, Ауғанстан жері бұрыннан Жібек жолының өтінде, сонымен бірге батысында Иранмен, оңтүстік-шығысында Пәкістанмен, шығысында Қытаймен, оңтүстігінде Үндістанмен, (анықтап айтқанда Пәкістан, Үндістан және Қытай таласындағы Джамму мен Кашмир аумағы), және Кеңес одағының құрамындағы Түркіменстан, Өзбекстан қатарлы елдермен солтүстігі арқылы шекараласатын. Әрі Ауған жері егіншілікке де мал шаруашылығына да тиімді. Дүниежүзілік екінші соғыстың шырмауына ілікпеген ауған елінде сол кездің өзінде-ақ нарықтық экономиканың дамуы белең ала бастаған. Сол үшін де жер шарындағы жан саны көп елдермен шегаралас ауған жерін өзіне бағындыра отырып, Кеңес одағы әлемдегі ірі алпауыт елге айналуды басты мақсат еткен. Міне, осындай жан-жақтылы өз мүддесін көздеген КСРО соғыс ұшақтарын, танктерін, бронды көліктерімен Ауғанстанға өз әскерін кіргізді. Осылайша Ауған соғысы басталды. Бұл біздің Ауғансоғысының ардагерлері айтып жүргендей отан жерін қорғау соғыс емес. Қайта басып кірушілер мен басқыншыларға қарсы соғыс. Былайша айтқанда Кеңес одағының әскерлеріне қарсы шыққан ауған халқының жанкешті соғысы. Өйткені Ауған әскері Кеңес одағына емес, Кеңес одағы ауған еліне басып кірген. Қазақта бір сөз бар: хан міндеті ту алып жауға аттану, құл міндеті туға еріп жан беру,- деген. Сол кездегі Кеңес одағының әскерлерінің бәрі Кеңес одағының тойымсыз құлқынының құрбандары.

Қожанасырдың қақпасы

Ауған соғысы басталған кезінде-ақ, Кеңес одағының туы «жығылып» жеңіліспен қайтып оралатынын сол кездегі адамдар сезген. Таласбек Әсемқұлов қазақтың белді жазушысы Асқар Сүлейменов туралы жазған «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» деген эссесінде қызықты мысал келтіреді. Енді сол мысалдың өзін сөйлетейік. «1989 жылдың, ұмытпасам, қысының аяғы еді. Зейнолла ағаның үйіндеміз. Асекең, Төкен аға үшеуі карта ойнап отыр.

-Соғыстың аяқталғаны үшін алып қояйық,- деді Асекең, рюмкелерге коньяктан толтыра құйып.

Алып қойдық.

- 79 жылы мен айтып едім ғой, Қожанасырдың қақпасы деп,- деді Асекең.

- Иа, алғаш айтқан сен едің ғой,- деді Зейнолла аға жымиып.» Бала Таласбек ештеңе түсінбегенін айтқан осы шағын диалогтан кейін. Арада біраз уақыт өткен соң Таласбек Әсемқұлов «Қожанасырдың қақпасы» туралы Зейнолладан сұраған. Сонда жұмбақ тіркестің мән-мағынасын таратып айтып берген екен Зейнолла ағасы.

- Ол былай,- деді содан соң бетіме қарапмейірлене жымиып алып, Қожанасыр есігінің алдына қоршауы жоқ қақпа қойып қойған ғой. Адамдар қақпаны айналып өтсе, қақпадан кірмейсің бе деп таяқпен ұрып айдап шығады екен. Қоршауың жоқ қой, қалай кірсек те бәрібір емес пе дегендерге «әй, қоршаудың бар-жоғында сенің не шаруаң бар. Қақпа не үшін қойылған?» деп жауап береді екен. 1979 жылы Кеңес әскері Ауғанстанға кіргенде Асқар ағаң осы мысалды келтірген. «біз Ауғанстаннан быт-шыт болып жеңіліп шығамыз» деді. Сонда «Қаламгерде» отырған біреу «қалай жеңіледі екенбіз, әлемді тентіреткен Кеңес одағы емеспіз бе?» деді. Асекең сонда, «Қожанасыр бәрібір бізді қақпадан кіруге мәжбүр етеді» деді. Қожакеңнің хикаясын сол уақиғаға өлшесең, онда Асқардың айтып отырғаны мынау: Ауғанстан қандай әлсіз ел болса да, яғни, қоршауы жоқ, қақпасы ғана бар ел болса да, Кеңес одағы құрметтеп қақпадан кіруі керек еді. Біз халықаралық заңдарды белінен басып, қақпаны айналып өте салдық. Бірақ, ерте ме-кеш пе бәрібір адамдықтың заңымен санасуға мәжбүр боламыз. Яғни, Ауғанстан бізді айдап шығады да, қақпадан кіргізеді. Асқардың айтқаны тура келді, он жылдан кейін жеңіліп шықтық.

Таласбек Әсемқұловтың келтірген мысалынан-ақ біз көп нәрсені түсінеміз. Дүниежүзілік екінші соғысты жеңіспен аяқтаған Кеңес одағы, өзін әлемдегі теңдесі жоқ держеваға балаған. Сол үшін де Ауғанстанды қалпақпен ұрып аламыз деп мардымсыған. Ежелден адамдықтың қасиетін түсіне бермейтін орыстар, ауған жұртын да тісінде шайнағысы келді. Халықаралық заң, адамдық қасиет, өмір, өлім дегенді екінші орынға қоя тұрып, жеке бастың қамын жоғары қоятын орыс ұлты Асқардың айтқанындай «Қожанасырдың» ауласынан таяқталып, шегініп шықты. Өзім студент кезімде, ҚАЗҰУ-дың журналистикасында Хугяни Рахимулла және Саид Самим деген екі  Ауғанстандық курстасым болды. Бірде әңгіме желісі Ауғанстанда болып жатқан жарылыстар туралы өрбіді. Сонда қатты намыстанған Рахим: біз Германияны жеңген Кеңес одағын тізе бүктірген ауғанбыз. Біздің елде болып жатқан жарылыстарда күні ертең аяқтайды,- деді. Бәріміз үнсіз қалдық. Міне осы бір ауған азаматының сөзінен кейін мен, Ауғанстаннан жеңілген Кеңес одағы өзінің сүйегіне мәңгілік қара таңба бастырғанын түсіндім. Егер Ауғанстан соғысы болмаса, бүгінгі Ресей тәубасына келместе еді. Немістерді мойындатқан жеңістің буымен жүрері сөзсіз еді. Бірақ, бүкіл Кеңес одағын Ауғанстан сабасына түсірді. Жеңісте, жеңілісте мәңгілік емес екенін көрсетіп берді.

Жетілген жетімдер Талибан қозғалысының негізін қалады.

Ауған жеріне алғаш аттап кірген күннен бастап Кеңес одағының әскерлері жеңістен жеңіске жеткені түсінікті жағдай. Дүниежүзілік екінші соғыстағы тәжірибе, сол кездегі дайындық, қуатты әскери күш, осылардың барлығы Кеңес одағының асығын алшысынан түсірді. Ал сонда Кеңес одағының ауған жерінен әскерін шегіндіруге не себеп болды. Осыған тоқталайық. Кеңес одағының ауған жерінен шегінуге мәжбүр болуының бірден-бір себебі, жергілікті ауған халқының мүддесі мен Кеңес одағының мүддесі қарсы келді. Тумысынан тойымсыз, қанағатсыз Һәм озбыр орыс билігі ауған елін, өз құрамындағы басқада республикалар сияқты басқаруды көздеді. Міне осы саяси қателік Кеңес одағының жеңілуіне бастады. Неге? 1984 – 1985 жылдары Кеңестік биліктің тапсырмасымен Ауғанстандағы жергілікті билікке кеңесші болған, экс-сенатор, саясаткер Жандарбек Кәкішев өз сөзінде саяси қателіктің басты үш себебін айтқан болатын.

Жандарбек Кәкішевтің айтуынша, Кеңес одағы ұсынған басқару жүйесімен Ауғанстандағы жергілікті халықтың таным-түсінігі бір нүктеде түйіспеген. Енді сол үш себепке тоқталайық:

Бірінші себеп: тарихи қалыптасқан таным-түсініктеріне, салт-дәстүрлері мен діни сеніміне шектеу қойған. Осыдан келіп халық реніші пайда болған.

Екінші себеп: Ауғанстандағы әр тайпа, әр ұлтта жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі орныққан. Билікті, салық жинауды орталықтандыру саясаты жергілікті тайпа көсемдерін биліктен де, байлықтан да айыратын еді. Бұл олардың қарсылығын тудырған.

Үшінші себеп: Ауғанстанның тарихи қалыптасқан нарықтық жүйесіне жоспарлы экономиканы енгізуге күш салған. Жергілікті халықтың ар-намысына тиетін істер, күш көрсетулерде жиі болған. Осы үш себептен кейін жергілікті халық Кеңес одағының Ауғанстанға шынайы достық ниетпен келмегенін ашық түсінген. Осыдан барып коммунистерге деген қарсылығы үдей түсті. Ауған халқының жаппай қарсылығының ерекше күш алуына батыс елдері арқылы келген көмекте өз пайдасын тигізді. Бүгінгі күндері жиі айтылатын Талибан көтерілісі де міне осы кезде жарыққа шықты. Соғыс болған жерде өлімнің болуы адам таңғаларлық жайт емес. Біреу әкеден, біреу баладан айырылып аңырап қалары, әр сәт сайын болып тұратын құбылыс. Тіпті соғыс ажалдың үрейлі күшін де әлсіретеді. Ауғанстанның Пәкстанмен шегаралас ел екені белгілі. Егер Кеңес одағы Ауғанстанды түбегейлі жаулап алса, Пәкстанғада оңай тимесі анық. Бұл жағдайды толық түсінген Пәкістан билігі, Ауғанстанда өршіген партизандық соғыста жетім қалған балаларды жинап, алғашқы әскери жаттығудан өткізген. Кеңес одағына кегі кеткен жетім балалар Пәкістан жерінен ысылған жауынгер болып, өз топырағына оралған. Осыдан барып, ауған халқының әскери қуаты тіпті де нығая түскен. Бір қызығы, Пәкістан жетім балаларды әскер қатарында тәрбиелеп жатқанда, Кеңес одағы да Қазақстан жерінде, атап айтсақ Шымкент пен Таразда жетім балаларды тәрбиелеу лагерлерін құрып үлгерген. Бұл лагерлер КСРО жеңілісін мойындап, Ауғанстан жерінен шығып кеткеннен кейін таратылған. Халықтың жаппай партизандық соғысқа өтуі, батыс елдерінің көмегі және Пәкістан билігі ұсынған көмек Ауған соғысының аяқталуына бастамалық роль атқарған. Сондықтан да Кеңес одағының басқару жақтағы саяси қателігі 10 жылға созылған КСРО – Ауғанстан соғысында, Кеңес одағының жеңілісімен аяқтауына себеп болған.

PS

1988 жылы КСРО әскерлерін Ауғанстан жерінен 9 ай ішінде шығарып әкетуге міндеттеме алды. 1989 жылы ақпанның 4 күні Кеңес армиясының соңғы бөлімі Кабулдан шықты. Ал 15 ақпанда 40 – армияның қолбасшысы генерал лейтенант Б.Громов Термез қаласында: Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен толықтай шықты, менің артымда бірде-бір жауынгер қалған жоқ,- деп басшылыққа баяндады. Осылайша он жылға жуық жалғасқан соғыс негізінен аяқталды. Бірақ, осы соғыс отан үшін, жер үшін, ел үшін емес, тек қана Кеңес одағының бас пайдасы үшін болған соғыс. КСРО – Ауған соғысына Қазақстан жерінен 22269 жауынгер қатысқан. Олардың 924 – і от құрсауында қалып, ерлікпен қаза тапса, 21 адам із-тозсыз кеткен. Мыңдаған жігіттер, кеудесінде құры жаны бар демесек, мүгедек болып елге оралды. Қанша жетім, қанша жесір жер бауырлап күңірене жылады. Қараниеттілікпен басталған соғыс қасіретпен аяқталды. Батыр атағы мен алтын ордендері ешкімнің жарасын жазбайтындығы анық. Алайда, мына нәрсені ашып айту керек, Ауған соғысына қатысқан әрбір жауынгердің ешқандай кінәсі жоқ.  Сондықтан да бұл соғыстағы кемтар болғандардың обалы мен қаза болғандардың қан қарызы Кеңес одағының мойынында.