Украинадағы соғыстан кейін әлемдегі сезімтал шиеленіс ошақтары «жоғары температурада» тұр. Украинада болып жатқан кескілескен соғыс жұрт назарын көбірек аударғандықтан, өзге аймақтардағы шиеленістердің бұрынғыдан көрі қауіпке бет алып жатқанын аңғармай да жатқандай. Айталық, Йемендегі соғыс, Африкадағы жаңа шекаралар, қайта көтерілген Израиль-Палестин тақырыбы. Бұларға ұқсас Шығыс Азиядағы «дәсүрлі қайшылықтар» қайта оянып келеді. Қытай мен Солтүстік Кореяның үркіту-қорқыту әрекеттері күшейгендіктен Жапония Америка Құрама Штаттарымен одақтастық ынтымақтастықты күшейтуге қам қылуда.

Өткен сенбіде, Жапонияның бас уәзірі (премьер-министрі) Фумио Кишида (Fumio Kishida) еліне сапарлай келген АҚШ сенаторларын қабылдап, Жапония мен АҚШ ортасындағы одақтастық ынтымақтастығын жандандыру бойынша ұзақ кеңес өткізді. Бұл кездесуде тараптар «Еркін және ашық Үнді-Тынық мұхит аймағы» ұстанымын сақтау бойынша ортақ мүддеге ие екендерін тағы бір рет қайталады.

Ең маңыздысы, америкалық 6 сенатор Жапонияға сапарынан бір күн бұрын Тайуан президенті Цай Иңвеннің қабылдауында болған еді. Онда олар өзін өзі басқарып келген және демократиялы Тайуанды қолдайтынын білдіріп, Қытайға қарата ескерту сипаттағы мәлімдемелер жасады. АҚШ заң шығарушыларының Тайуанға сапарлай барғанына наразылық танытқан Қытай бұғаз маңында әскери жаттығу өткізіп сес көрсетті. Бұған қоса Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жау Лишиян Қытайдың «ұлттық егемендік пен аумақтық тұтастықты табанды түрде қорғау үшін қатаң шаралар қабылдауға дайын» екенін айтты.

Ұзақ уақыттан бері Жапония Қытайдың Тайуан мәселесіне қатысты ұстанымынан алаңдап келді, Украина соғысынан кейін алаңдаушылық тіпті де күшейді, себебі, Украинадағы ашық агрессияларға ілесе әлемдегі елдердің қайшылықтарды әскери іс-қимылдармен шешуге деген ниеті оянды. Бұл тұста «Қытай Тайуанды күшпен бағындыруға әрекет етсе, Құрама Шттар араласа ма, жоқ па?» деген сұрақ тағы да қызу талқының тақырыбына көтерілді. АҚШ-Тайуан-Қытай – үштағанды мәселесінде Жапония былайғы уақытта байқалмайтын қатысушылық мүмкіндігіне ие.  Себебі, АҚШ-тың Жапонияда ұтсағап тұрған ауқымды әскери күші бар.

Жапония Тайуанды тәуелсіз ел ретінде ресми мойындамағынмен тығыз достық қарым-қатынасты сақтап келеді. Қазір жапон билігіне сенімді армия құруды қуаттайтын консерванттар келді. Бұл тұста Жапония өңірдегі геосаяси іс-қимылда белсінді бола түседі деген болжамдар бар.

The Qazaq Times