Бүгін, 10 қараша кешке Алматы қаласының әуежайына ел көптен күткен коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасының партиясы жеткізіледі. Бұл туралы Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметіне сүйенген ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

«Алдын ала ақпаратқа сәйкес бүгін, 10 қарашада сағат 19.45-те Qatar Airways әуе компаниясы Pfizer вакцинасының партиясын жеткізеді» деді әуежай баспасөз қызметінің өкілдері.

Бұған дейін Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Pfizer вакцинасының 4 млн дозасы қараша ортасына қарай елге жеткізіледі, ол 2 млн адамға екпе егуге жетеді деп мәлімдеген.

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда, Германия ғалымдары жасап шығарған, қазір АҚШ-та өндірілетін бұл екпенің тиімділігі 95%-дан жоғары. Pfizer – ДДСҰ мен Еуропа алғаш мойындаған вакциналардың бірі.

Қазақстанда бұл вакцина бірінші кезекте 12-17 жастағы жасөспірімдерге және жүкті әйелдерге салынады. Бүгінгі таңда АҚШ 5-11 жастағы балаларға да салуды бастады.

Пандемия басталғалы Қазақстанда 1 млн 32 мыңнан аса адам COVID жұқтырған, сондай-ақ бұл 20,8 мың адамның өліміне әсер еткен. Осылайша ел вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 37-орынға орнықты.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 7,7 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 8,4 млн-нан асады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 22 қарашадан бастап вакцина алғанына жарты жыл өткендер үшін ревакциянация науқаны жүргізілетінін мәлімдеген.

The Qazaq Times