Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 1,8 мыңға артып, жалпы есебі 1 миллионға жуықтады. Қазан айында 36 мың науқас анықталып, 700-дей адам көз жұмған. Бұл салыстырмалы түрде былтырғыдан айтарлықтай жоғары.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 19 қазанда коронавирус (КВИ+) жұққан 1683 адам, ал 18-і күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 154 адам тіркелді. Сондай-ақ, дүйсенбіде 28 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Осылайша, сейсенбідегі эпидкөрсеткіш апта басына қарағанда 41 жағдайға артты. Дегенмен былтыр дәл осы уақытта ресми статистикада тәулігіне көп дегенде 300-ге дейін науқас және 10-ға жетер-жетпес өлім жағдайы тіркелетін, стационарларда жатқан сырқаттар саны 3,5 мыңнан аспаған еді. Қазір бұл көрсеткіш еселеп өсіп отыр, бүгінде елде 51,5 мың адам (КВИ+ бойынша 45 мың, КВИ- бойынша 6 мың) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі немесе 18,5%-ы әдеттегідей жоғары динамикада тұрған бір ғана Алматы (312) қаласына тиесілі. Бір күнде тіркелген науқастардың үштен бір бөлігі астана мен Алматы қаласына жатады. Аурушаңдық ШҚО (83) өңірінен өзге барлық аймақта: астана (180), Павлодар (164), Қарағанды (154), СҚО (139), Қостанай (117), Ақтөбе (54), Атырау (41), БҚО (40), Түркістан (25), Қызылорда (31), Жамбыл (30), Ақмола (129), Алматы облысы (135), Шымкент (40), Маңғыстау (9) облыстарында түрлі деңгейде өскені байқалады. Сейсенбіде аурудан айыққан 2228 адам үйіне шығарылған. 18 қазанда жиыны 18 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы Қазанның 18-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 154 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, бұл күні Алматы (29), ШҚО (23), Шымкент (21), Қостанай (12), Алматы қаласы (12), Қарағанды (8) облыстарында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 237 адам айығып шыққан, тағы 10 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 51 мың науқастың 9 мыңға жуығы ауруханада, 42 мыңы амбулаторлық бақылауда. 633 науқастың жағдайы нашар, ондағы 170 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 100 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Шымкент, Түркістан, Ақтөбе, Маңғыстау, БҚО және Жамбыл облыстарынан басқа Қарағанды, ШҚО, Қызылорда, Алматы, Атырау облыстары «сары аймаққа» өткен. Басқа 6 аймақ тұтастай «қызыл аймақта» тұр.
ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, індет тараған 2020-2021 жылдары ПТР тесті оң көрсеткен 1407 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық, үндістандық және нигериялық штамдары анықталған.
Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Жазғы үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды. Қыркүйек айының өзінде 99 мыңдай науқас есепке алынған және 2117 адам қайтыс болған. Ал қазан айында 36 мың ауру және 697 өлім жағдайы тіркелген.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 921 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 78 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 1 миллионға жақындады. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемияның бас-аяғы 20 айында жалпы вирус жұққандардан 19,9 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 11 815, КВИ- / U07.2 – 4979, ілеспе аурулардан – 3123) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 37-орынға орнықты.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 7,2 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 8 млн-нан асады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қараша айының үшінші онкүндігінен бастап вакцина алғанына жарты жыл өткендер үшін ревакциянация науқаны жүргізілетінін мәлімдеді.