Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 1,4 мыңға артып, жалпы есебі 997 мыңнан асқан. Қазан айында 34,5 мың науқас анықталып, 669 адам көз жұмған. Бұл салыстырмалы түрде былтырғыдан айтарлықтай жоғары.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 18 қазанда коронавирус (КВИ+) жұққан 1387 адам, ал 17-сі күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 9 адам тіркелді. Сондай-ақ, өткен жексенбіде 53 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Осылайша, апта басындағы эпидкөрсеткіш 22 маусымдағы деңгейге төмендеді. Дегенмен былтыр дәл осы уақытта ресми статистикада тәулігіне көп дегенде 300-ге дейін науқас және 10-ға жетер-жетпес өлім жағдайы тіркелетін, стационарларда жатқан сырқаттар саны 3,5 мыңнан аспаған еді. Қазір бұл көрсеткіш еселеп өсіп отыр, бүгінде елде 52 мың адам (КВИ+ бойынша 45 мың, КВИ- бойынша 6,5 мың) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі немесе 19%-ы әдеттегідей жоғары динамикада тұрған бір ғана Алматы (250) қаласына тиесілі. Бір күнде тіркелген науқастардың үштен бір бөлігі астана мен Алматы қаласына жатады. Аурушаңдық астана (149), Павлодар (159), Қарағанды (148), СҚО (128), Қостанай (103), ШҚО (85), Атырау (24), БҚО (15), Ақтөбе (15), Түркістан (7), Қызылорда (14), Жамбыл (13) облыстарында төмендегені байқалады. Тек Ақмола (126), Алматы облысы (111), Шымкент (33), Маңғыстау (7) өңірлерінде аздап өсім бар. Дүйсенбіде аурудан айыққан 1910 адам үйіне шығарылған. 17 қазанда жиыны 46 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы механикалық әдіспен есепке алынатындықтан, демалыс күндері медстатистика жүйесі толық қамтылмайды. Салдарынан кейстер қатары сенбі және жексенбі, мереке күндері әдеттегіден айтарлықтай аз тіркеледі. Қазанның 17-сі ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 9 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, бұл күні ШҚО (5), Ақмола (2), Қостанай (1) және астанадан (1) анықталған. Сонымен қоса, 33 адам айығып шыққан, тағы 7 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 52 мың науқастың 9 мыңы ауруханада, 43 мыңы амбулаторлық бақылауда. 627 науқастың жағдайы нашар, ондағы 168 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 96 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Шымкент, Түркістан, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан басқа Қарағанды, БҚО, ШҚО, Алматы, Атырау облыстары «сары аймаққа» өткен. Басқа 5 аймақ тұтастай «қызыл аймақта» тұр.
ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, індет тараған 2020-2021 жылдары ПТР тесті оң көрсеткен 1407 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық, үндістандық және нигериялық штамдары анықталған.
Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Жазғы үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды. Қыркүйек айының өзінде 99 мыңдай науқас есепке алынған және 2117 адам қайтыс болған. Ал қазан айында 34,5 мың ауру және 616 өлім жағдайы тіркелген.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 919 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 78 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 997 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 19,8 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 11 797, КВИ- / U07.2 – 4969, ілеспе аурулардан – 3123) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 37-орынға орнықты.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 7,1 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 8 млн-нан асады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қараша айының үшінші онкүндігінен бастап вакцина алғанына жарты жыл өткендер үшін ревакциянация науқаны жүргізілетінін мәлімдеді.