Factcheck сайты сатиралық материалдар жариялағаны үшін істі болған Темірлан Еңсебектің тергелуіне байланысты ішкі істер министрлігіне ашық үндеу жариялады. The Qazaq Times редакциясы да аталған үндеуге қосылады.
15 мамырда Instagram әлеуметтік желісінде сатриалық материал жариялайтын @qaznews24 сатиралық паблигінің жетекшісі Темірлан Еңсебектің үйінде полиция тінту жүргізген. Кейіннен оны Алматы полиция департаментінде бірнеше сағат бойы тергеген. Ресми мәлімет бойынша, бойынша тергеу Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша (Көрінеу жалған ақпарат тарату) жүргізіліп жатыр.
Үндеу жолдаған өзге де авторлар сынды біз де адамдарды қудалаудың орнына медиасауаттылықты арттыру қажет деп санаймыз. Полициядан Еңсебекті қудаламауды, «жалған ақпарат тарату» бабын репрессия мақсатында пайдаланбауды, Еңсебек ісінің ашық жүргізілуін, онда зұлым ой болмағанын дәлелдейтін куәліктің бәрін есепке алуды талап етеміз.
Үндеу мәтіні төмендегідей:
Құрметті Ерлан Заманбекұлы, 2021 жылдың 15 мамырында Instagram-да @qaznews24 сатира парақшасының әкімшісі Темірлан Еңсебек ұсталды. Оның үйіне тінту жүргізіп, кейін оны Алматыдағы полиция департаментіне жеткізіп, бірнеше сағат жауап алған. Полицияның ресми хабарламасы бойынша, тергеу ҚР ҚК 274-бабы бойынша жүріп жатыр. Біз сатиралық парақша авторы Темірлан Еңсебекті қамауға алып, оны жалған ақпарат таратты деп айыптау, кем дегенде, өрескел қате, ал шын мәнінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабын бұзу деп есептейміз.
Сатира – қылмыс емес. Бүкіл әлемде сатира мен сын, оның ішінде мемлекеттің лауазымды тұлғаларына қатысты айтылса қалыпты нәрсе ретінде қабылданады және керісінше, қоғам дамығанының, пікір еркіндігі құқығы сақталғанының белгісі.
Халқымыздың ұлттық өнері – айтыс та сатира мен сыннан тұрады, пікір еркіндігі – ұлттық дәстүр мен мақтанышымыз. Сөз бостандығын қамтамасыз ету – Қазақстан өз мойнына алған халықаралық міндеттердің бірі.
qaznews24 сатиралық аккаунтының авторы қажетті ескертудің бәрін жазып қойған, оған қажет дәлел бар, ұсынуға дайынбыз. Еңсебектің сатирасын шынайы жаңалық ретінде таратқан жергілікті анонимді парақшалардың иелері үшін ол жауап бермейді (оған да куәлік пен дәлел бар).
Айта кетейік, Еңсебектің сатирасын шынайы жаңалық ретінде таратқан парақшалардың аудиториясы Еңсебектің парақшасындағы адам санынан он есе, тіпті кейбірі жүз есе асып кетеді. Бұл парақша әкімшілерінің қасақана әрекеті емес, медиасауаттың төмендігінен сатира контенттің шынайы жаңалық ретінде жаппай тарап кетуіне себеп болды.
Фактчекер ретінде біз үнемі фейкпен күресеміз және жалған ақпарат қоғамға, нақты бір тұлғаға тікелей қауіп төндірмесе онымен репрессиялық шаралар арқылы емес, медиасауатты арттыру арқылы күресу қажет екенін түсіндік.
qaznews24 аккаунтынан тараған ақпаратқа келер болсақ, ешкімге материалдық та, басқалай да шығын келген жоқ. Ал барлық жариялым ойдан шығарылғанын ашық мәлімдеген парақша әкімшісі сатира контент туралы жазылған дисклеймерді оқымай немесе алып тастап, сатираны фейкке айналдырған адамдардың әрекетіне жауап бере алмайды.
Сондай-ақ, полиция Қазақстан қоғамы үшін шын мәнінде қауіпті дезинформацияны жүйелі түрде тарататын адамдар мен желілі парақшалардың атауын өте жақсы біле тұра (дәлелдер мен басқа да деректер Factcheck.kz пен Masa.Media бірлесіп жасаған зерттеуде жарияланды) оларды емес, ешкімге зияны жоқ сатира парақша авторын ҚР ҚК 274-бабы бойынша жауапқа тартқанына біз наразымыз.
Темірлан Еңсебекті ҚР ҚК 274-бабы бойынша айыптау орынсыз және желідегі белсенді, шын мәнінде жалған ақпарат таратушылардың жауапқа тартылмайтынын анық көрсетеді. Сондай-ақ 274-бапты репрессиялық мақсатта пайдалануға мүмкіндік береді, бұл қазіргі демократиялық қоғамда жол беруге болмайтын дүние! Біз істің барынша ашық жүргізілуін және Темірлан Еңсебектің әрекетінде зұлым ой болмағанын дәлелдейтін куәліктің бәрі есепке алынуын, сатиралық парақша авторына тағылған айыптардың алынуын талап етеміз.