Қазір АҚШ үшін басты бәсекелес – Қытай. Бұл туралы АҚШ Конгресінің Сенаты мен Өкілдер палатасына алғашқы үндеуінде Джо Байден мәлімдеді.
«Біз ХХІ ғасырда жеңіске жету үшін Қытаймен және басқа елдермен бәсекелестік жағдайында тұрмыз. Америка көшбасшы мемлекет екенін дәлелдеу керек», – деді Байден. Сонымен бірге, Ақ үй басшысы отандастарын қоғамдағы терең поляризацияны, партияаралық бөліністерді жеңуге шақырды.
Наурызда АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік стратегиясына байланысты құжат жарияланды. Құжатта Ресей «халықаралық аренадағы тұрақсыздандырушы», ал Қытай Америка үшін «қауіпті әрі жетекші қарсылас» ретінде көрсетілген. Қауіпсіздік стратегиясы жарияланған соң мемлекеттік департаменттің өкілі Нед Прайстың мәлімдемесінде: «Қытай – біздің негізгі бәсекелесіміз. Қытай біз үшін XXI ғасырдағы басты геосаяси қарсылас саналады. Басқа мемлекеттермен, әсіресе Ресеймен салыстырғанда Қытайдан төнетін қауіп жоғары. Ресей аймақтардағы ықпалын қамтамасыз етуге тырысады. Алайда, Ресей Қытай сияқты әлеуетке, мүмкіндіктерге ие емес», – деді.
АҚШ тарапы Қытай мен Ресейдегі адам құқықтары мәселесін жиі көтеріп келеді. 17 ақпанда Байден Қытай билігінің Шыңжаңдағы әрекетін айыптап, адам құқықтарын бұзуы жауапсыз қалмайтынын ескерткен. Сол күні Байден мәлімдемесінде: «Мен ББҰ-да және өзге де халықаралық ұйымдармен адам құқықтарын қорғауды жалғастырамын. Қазір Қытай әлемдік көшбасшы болуға тырысады. Бұл атаққа ие болу үшін басқа мемлекеттердің сеніміне ие болуы керек. Ал Қытай билігі адам құқықтарын өресел бұзып келеді. Мұның жауапсыз қалмайтынын ескертемін. Ши Жиң Пиң бұл әрекеттің қандай нәтиже беретінін жақсы біледі», – деді.