Астрахан облысына (Ресей) шекаралас жатқан (Атырау облысы Құрманғазы ауданы) Көптоғай ауылының тұрғындары ауыл жерінің кейбір бөлігі Ресейге өтіп кете ме деп алаңдап отыр. Бұған себеп – ауылға бірнеше күн бұрын шекарашылар келіп, шекара сым темірін Көптоғайға қарай жылжыта бастағаны. "The Qazaq Times" тілшісі тұрғындармен сөйлесіп, мәселенің мән-жайын біліп көрді.
– Совет кезінде шекарада қоршау болған жоқ. Тек белгі ретінде қазықтар қағылып тұратын. Жерімізді соған қарап анықтап жүрдік. Ол кезде шекара белгісі ауылдан 30 шақырымдай еді. Бесарал деген шабындық жеріміз болды. Шұрайлы еді өте. Осыдан 10 шақты жыл бұрын шекара жаңадан белгіленіп, ауылға 2 шақырымдай жерден сым темірмен қоршалды. Солайша Бесаралымыз Ресей жақта қалып қойды. Ол кезде шулап-шулап қойған едік. Енді міне атам заманнан бала-шаға ойнап, су алып ішіп отырған жеріміз шекараның арғы бетінде қалып қоймақ, – дейді Көптоғай ауылының тумасы Ғазизбек Төлеген.
Көптоғайдың тағы бір тұрғыны Дамир Аймашевтың сөзінше, ауылға келген шекарашылар ештеңе түсіндірместен, шекараны жаңадан қоршай бастаған. Алайда тұрғындардың қарсылығына тап болған соң жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған. Содан соң Құрманғазы ауданы әкімі Марат Мұрзиев келіп, тұрғындарға шекарашылар 2005 жылы Мәскеуде қол қойылған “Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісіміге" сай жұмыс жүргізіп жатқанын айтқан. Алайда тұрғындар бұл құжаттан мүлде бейхабар.
– Егер шекарашылар жұмысы әкім айтқандай 2005 жылғы келісімге сай жүргізіліп жатқан болса, біз неге бұл жайлы енді біліп жатырмыз? Ол құжатқа кім қол қойған? Шешім 2005 жылы шықса, неге осы уақытқа дейін бізге бір ауыз айтылмады. Қалайша біздің бұрыннан бергі ата-қонысымыз болып келген ауыл іргесіндегі жер әп сәтте Ресейге өтіп кетеді? Осы сұрақтар мазалайды бізді, – деп налыды ауыл тұрғыны Дамир Аймашев.
Оның сөзінше, аудан әкімі Мұрзиев "дүйсенбі күні ауылға облыстан арнайы комиссия келіп, шекараға қатысты жиналыс өткізетін" айтыпты. Ал шекарашылар тұрғындар наразылғынан соң, кеше түстен кейін Көптоғайға қарай жақындатқан шекара қоршауын қайта жинай бастаған. Бірақ тұрғындарға не себепті жинап жатқандарын түсіндірмеген. Дамир Аймашевтың пайымдауынша, шекарашылардың бұл әрекетіне тұрғындар қарсылғы мен әлеуметтік желі реакциясы себеп болған болуы мүмкін.
– Ауылға қарай жақындатқан шекара қоршауының жартысын жинап әкетті. Бірақ күдігіміз әлі сейілген жоқ. Ресейлік шекарашылар да өз жағындағы шекара бағаналарын қазып әкетіп жатыр. Осының бәрі түсініксіз. Біз біреудің жеріне таласып жатқан жоқпыз. Бар болғаны өз жеріміз өзімізде қалса деп отырмыз, – дейді ол.
Кеше әлеуметтік желіде Қазақстан мен Ресей шекарасына жақын орналасқан Көптоғай ауылында жер дауы болып жатқаны жайлы ақпар тараған. Артынша Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі 14 сәуірден бастап Көптоғайда Қазақстан мен Ресей шекарасында жаңа шекаралық қоршау салу жұмыстары басталғанын хабарлады. Әкімдік мәліметінше, бұл жұмыстар 2005 жылы Мәскеуде қол қойылған “Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісім” бойынша жүргізіліп жатыр. Алайда әкімдік аталаған келісім жайлы толық ақпарат берген жоқ. Құрманғызы ауданының әкімі Марат Мұрзиев Qazaq Times тілшісінің осы мәселге байланысты телефон арқылы қойған сұрақтарына жауап беруге құлықсыздық танытты. Ол "ресми хабарламада айтылған мәліметтен басқа ешқандай пікір айта алмаймын" деді.