Ақпанның 1-і коронавирус жұққан 1161 адам, 31 қаңтарда коронавирус пневмониясына шалдыққан 24 адам анықталды. Қазір елде 28 мыңға жуық адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 16 609, U07.2 немесе КВИ- бойынша 11 300) ауырып жатыр.
#U07.1 Коронавирус ПТР тесті арқылы табылған жаңа кейстердің ең көбі – Павлодар (238), Ақмола (195), Алматы қаласы (87), ШҚО (86), Қостанай (85), Қарағанды (80) облыстарында. Өткен тәулікте 1195 адам ауруынан айғып шығып үйіне жіберілген, сондай-ақ 3 адам өмірден өткен.
#U07.2 Жексенбі күні, яғни қаңтардың 31-і коронавирус пневмониясына жататын 24 науқас тіркелген. Ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін пневмониядан айыққандар саны 128-ге артты.
#Жалпы Екінші толқындағы тәуліктік көрсеткіш құбылмалы. Қаңтар айының ортасынан бері тәулігіне ұдайы мыңнан кем емес жағдай анықталуда. Мәселен, жексенбі күні 1283 науқас анықталған.
ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 27 909 науқастың 6028-і ауруханада, 21 881-і амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 264 науқастың жағдайы ауыр, тағы 55-інің хәлі өте ауыр. 44 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Ақпарат министрлігінің coronavirus2020.kz сайты мен Денсаулық сақтау министрлігінің медиа ресурстарында жарияланған деректер бірнеше айдан бері қате беріліп келгені жайлы материалдар жариялап, ақпарат құралдарына ескерткенбіз. 26 желтоқсаннан бастап министрлік кемшілігін мойындап, ресми хабарламаның формасын өгертті. Статистиканың пневмонияға қатысты мерзімін көрсетіп жариялауға көшті.
(!) Пандемия модераторы – министрлік тек сенбі-жексенбіде ғана емес, мереке күндері де статистиканы толықтай жүргізуге қауқарсыз. Мәселен, желтоқсан айының 1, 16, 17, 18-і және 19-ына, 1-4, 7 қаңтарға тиесілі деректер еселеп кеміген. Күздің ортасында сол кездегі ДенМин-нің ресми-ерікті өкілі Бағдат Қожахметов екінші толқында демалыс күніне қарамастан статистиканы толық көлемде жүргізуге уәде берген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты.
The Qazaq Times редакциясы төмендегі кестені ресми мәліметтің реттелген нұсқасы деп санайды.
Осы қыстың басында бас мемлекеттік санитар-дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстанда кезекті толқынының шарықтау кезеңі қаңтар-ақпан айларына, ал министр Алексей Цой наурыз айының соңына қарай тұспа-тұс келетінін мәлімдеген.
13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 189 мыңнан асса, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 48 мыңға жуықтаған. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 236 мыңға, ал Ұлттық статистикада 237 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Халықаралық ұйым туыстас дерттің қаупі бірдей екеніне баса назар аударса да Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен оның пневмониялық түріне екі түрлі көзқараспен қарайды. Оның анық дәлелі – КВИ+ диагнозы бойынша жаңа анықталған науқастар мен қайтқандар, айығып шыққандардың аймақтардағы көрсеткіші күнделікті жарияланады, ал КВИ- дерегі тек жиынтық мәнде беріледі. Коронавирус пневмониясының аймақтарға таралуы жөніндегі есеп министр о баста айтқандай күнделікті не аптасына емес, он күнде бір рет, оның өзінде ведомство сайтына файл форматында жүктеліп келеді.
Әзірге вирус таралу қатері жағынан Ақмола, БҚО, СҚО, Павлодар облыстары – қызыл; Атырау, ШҚО, Қарағанды, Қостанай облыстары мен астана – сары аймақта тұр.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 4067-сі (КВИ+ / U07.1 – 2559, КВИ- / U07.2 – 570, ілеспе аурулардан – 938) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 938 адамды жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қоғамда былтырғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы «маусым-шілде қырғынан» кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 49-шы орында тұр.