Ақмола облысында санитарлық-эпидемия қызметінде маман жетіспеушілігі себепті ауырғандар ресми статистикаға енбей қалған.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев бүгін Орткомда өткен брифингте вирус жұққаны анықталған 100 адамның мәліметі жалпы есепке дер кезінде кірмей қалғанын мойындады.

 «Облыстық штата небәрі 12 маман болғандықтан, 100 жағдай өз уақытынан кешігіп рәсімделді», – деп ақталды Маржықпаев.

Оның айтуынша, аурушаңдық артып, науқастар көбейген кезде жауапты қызметкерлер барлық ақпаратты өңдеп-құжаттандырып үлгермейді.

«Біз қазіргі таңда статистика дұрыс әрі сенімді болуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз. Уақтылы енгізілмеген мәліметтер бүгін жалпы есепке қосылған. Статистика қалпына келтірілді», – деді әкім.

Аймақ басшысының сөзіне сенсек, облыста коронавируспен күреске шамамен 16 млрд теңге бағытталған. Ақмола облысында 200 орындық жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, 4 мыңнан астам медицина қызметкеріне үстемақы ретінде 3 млрд теңге төленген.

16 қараша күні президент Тоқаев «Бірқатар облыстарда  коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталғанын» мәлімдеген. Президенттің айтуынша, статистиканы бұрмалау фактісінің ШҚО, СҚО, Павлодар,  Ақмола,  Қостанай облыстарында тіркелген, тіпті «аталған проблеманың біздің денсаулық сақтау жүйемізде де созылмалы сипат алғанын мойындау керек».

Комитет төрағасы Айжан Есмағамбетованың редакцияға берген пікіріне қарағанда, кадр тапшылығынан жүктеме ауырлап, дерек дер кезінде өңделіп-жолданбаған. Ауруханаларда науқастар артқан тұста вирус анықталғандардың мәліметін ұсыну процесі кешіктірілген. Сол себепті ресми статистикаға уақтылы тіркелмеген жағдайлардың көбейген көрінеді.

Дәл осыған ұқсас жағдай – Павлодар облысында 59, Қостанай облысында 57 науқастың мәліметі жалпы есепке кешігіп енгізілген.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрілігі күзгі-қысқы толқынға «тас-түйін», тіпті 100% пайыз дайын екенін бір емес, бірнеше рет мәлімдеген. Бірақ бүгінгі таңда тест қорытындысы дауға айналып, оны дерекқорға тіркеу механизмінде ақау туғаны белгілі болып отыр. Ресми есепте пандемия басталғалы бері 171 мыңдай адамның ауырғаны көрсетілгенімен, күмәнмен қарайтындар көп. «Сандж» зерттеу орталығы Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандардың шынайы есебін анықтау мақсатында 9 мыңнан астам респонденттен сауалнама жүргізген. Статистика методологиясының кәсіби шарттарын қанағаттандыратын зерттеу қорытындысына сәйкес, пандемия басталғалы наурыз-қыркүйек айларының аралығында халықтың 20%-ы немесе 3,8 миллион адам вирус жұқтырғаны белгілі болған. Бұл ресми есептен 37 есе көп.

"The Qazaq Times"