Бүгін, 18 қыркүйек әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде қазақ журналистикасының ұлағатты ұстаздарының бірі, журналист-жазушы, тарихшы марқұм Әбілфайыз Ыдырысовтың туғанына 90 жыл толуына арналған бірқатар шаралар өтті.  

Журналистика ұстазының қалам іздерінен көргізбе қойылды. Фото: QT.

Әуелі, Журналистика факультетінде Ә. Ыдырысов атындағы дәрісхананың ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов, Ұлттық универсиеттің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, журналистік, «Қазақстан РТРК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Нұртілеу Иманғалиұлы, ақын, ф.ғ.д. Бауыржан Жақып, Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек, Құралай Ыдырысова қатарлы ұлағатты ұстаздың ұрпақтары, журналистика мен ғылымдағы шәркірттері қатысты.

Қара шаңырақ Қаз-ҰУ-да өткен шара «Бұқаралық ақпарат құралдарын және баспасөз өнімдерін безендіру өнерінің қазіргі мәселелері» атты онлайн конференциямен жалғасты. Конференцияға аталған саланың білгір мамандары, оқытушылар мен студенттер онлайн қатысты.

Конференция барысында Әбілфайыз Ыдырысовтың «Ұстаз. Ғалым. Жазушы» атты кітабының тұсауы кесілді.

Әбілфайыз Ыдырысов (1930-2019)  – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері. ҚазМУ-дың (ҚазҰУ) журналистика факультетін бітірген (1953). 1953 – 54 ж. “Қазақстан пионері” (қазіргі “Ұлан”) газеті редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып істеді. 1955 – 61 ж. “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. 1961 – 65 ж. “Қазақстан пионері” газетінде бас редактор, 1965 – 93 ж. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде аға оқытушы, доцент, профессоры болды. Ыдырысов осы жылдары газет безендіру, полиграфия ісі, мақалаларды өңдеу және редакциялау шеберлігіне байланысты 20-ға тарта әдістемелік құралдар мен оқулықтар жазып, баспадан шығарды. Публицист-жазушы, педагог Ыдырысовтың қаламынан көптеген ғылыми-зерттеу кітаптары, деректі эссе, хикаяттармен қатар “Айжанның ғашығы” (1965), “Берік” (1994), “Аңсаған менің әнімсің” (2000), “Ақсүйек”, “Кер бұзаудың өлімі” (2004) повестері, “Таңшолпан” романы (2005) жарық көрді. Ыдырысов көптеген орден, медальдармен марапатталған.

"The Qazaq Times"