9 қыркүйек елде коронавирус инфекциясын жұқтырған 86 адам тіркелді. Бұл алдыңғы күнге қарағанда 13-ке көп. Өткен күні анықталған кейстер саны бойынша астана (8.09 – 19, 9.09 – 13) мен ШҚО (8.09 – 16, 9.09 – 17)  екінші күн қатарынан алға шықты.

ДенМиннің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 4 685 адамның 2,5 мыңы ауруханаларда. Ал 2,1 мыңа амбулаториялық терапияда. Олардың арасында 34 бала бар. Ахуалы нашарлаған 132 науқастың арасында 21 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 26 пациент жасанды аппаратпен тыныстап жатыр.

Республика бойынша барлығы 106 584 адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 100 248. Бұл жалпы науқастардың 94%-ына жуығы.

Сонымен қоса, сәрсенбі күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 347 адам тіркеліпті. Бірақ олардың қаншасы қай аймақтан екені белгісіз. ПТР тесті теріс шыққанымен, коронавирус салдарынан асқынған ақөкпе ауруының аймақтарға таралу дерегін тұрақты түрде жариялауға уәде еткен министр Алексей Цой да, оның көмекшісі, ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов те сөзінде тұрған жоқ. Әлі күнге дейін коронавирус пневмониясының өңірлердегі динамикасын біле алмай келеміз.

Үкімет статистикасы бойынша, 9 қыркүйек коронавирустан 5, пневмониядан 1 қазақстандық қайтыс болған. Пандемия басталғалы вирус жұққандардың жиыны 2,5 мыңнан артық қазақстандық (КВИ+ / U07.1 – 1 651, КВИ- / U07.2 – 317, ілеспе аурулардан – 556) өмірден өткен. Дегенмен Қазақстан билігі бойынан коронавирус инфекциясы табылса да, басқа аурудың себебінен қайтты деп санайтын 556 өлім жағдайын жалпы есепке қоспайды. Мұны көптеген сарапшылар қате екенін айтып, манипуляция ретінде бағалап келеді. Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы шілдедегі қырғыннан кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.

13 наурыз бен 9 қыркүйек күндері аралығында анықталған коронавирус туралы

Аймақтар Науқастар Айыққандар Қайтқандар
Алматы 14 299 13 838 269
Астана 13 924 13 548 313
Атырау облысы 10 975 10 374 59
Қарағанды облысы 10 167 9 531 272
ШҚО 8 344 8 138 158
БҚО 6 797 6 320 100
Шымкент 5 182 4 498 62
Алматы облысы 4 915 4 752 55
Жамбыл облысы 4 104 3 682 56
СҚО 4 000 3 918 20
Павлодар облысы 3 866 3 676 49
Қостанай облысы 3 440 2 885 12
Ақмола облысы 3 432 3 116 77
Түркістан облысы 3 348 3 239 44
Маңғыстау облысы 3 336 2 612 41
Ақтөбе облысы 3 224 3 020 35
Қызылорда облысы 3 231 3 101 12
Жалпы 106 584 100 248 1 634

*Қайтқандар қатары 13 наурыз-6 қыркүйек аралығындағы деректер бойынша көрсетілген. Осы аптадағы мәлімет енгізілмеген.

“The Qazaq Times”