9 қыркүйек елде коронавирус инфекциясын жұқтырған 86 адам тіркелді. Бұл алдыңғы күнге қарағанда 13-ке көп. Өткен күні анықталған кейстер саны бойынша астана (8.09 – 19, 9.09 – 13) мен ШҚО (8.09 – 16, 9.09 – 17) екінші күн қатарынан алға шықты.
ДенМиннің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 4 685 адамның 2,5 мыңы ауруханаларда. Ал 2,1 мыңа амбулаториялық терапияда. Олардың арасында 34 бала бар. Ахуалы нашарлаған 132 науқастың арасында 21 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 26 пациент жасанды аппаратпен тыныстап жатыр.
Республика бойынша барлығы 106 584 адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 100 248. Бұл жалпы науқастардың 94%-ына жуығы.
Сонымен қоса, сәрсенбі күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 347 адам тіркеліпті. Бірақ олардың қаншасы қай аймақтан екені белгісіз. ПТР тесті теріс шыққанымен, коронавирус салдарынан асқынған ақөкпе ауруының аймақтарға таралу дерегін тұрақты түрде жариялауға уәде еткен министр Алексей Цой да, оның көмекшісі, ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов те сөзінде тұрған жоқ. Әлі күнге дейін коронавирус пневмониясының өңірлердегі динамикасын біле алмай келеміз.
Үкімет статистикасы бойынша, 9 қыркүйек коронавирустан 5, пневмониядан 1 қазақстандық қайтыс болған. Пандемия басталғалы вирус жұққандардың жиыны 2,5 мыңнан артық қазақстандық (КВИ+ / U07.1 – 1 651, КВИ- / U07.2 – 317, ілеспе аурулардан – 556) өмірден өткен. Дегенмен Қазақстан билігі бойынан коронавирус инфекциясы табылса да, басқа аурудың себебінен қайтты деп санайтын 556 өлім жағдайын жалпы есепке қоспайды. Мұны көптеген сарапшылар қате екенін айтып, манипуляция ретінде бағалап келеді. Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы шілдедегі қырғыннан кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.
13 наурыз бен 9 қыркүйек күндері аралығында анықталған коронавирус туралы
Аймақтар | Науқастар | Айыққандар | Қайтқандар |
Алматы | 14 299 | 13 838 | 269 |
Астана | 13 924 | 13 548 | 313 |
Атырау облысы | 10 975 | 10 374 | 59 |
Қарағанды облысы | 10 167 | 9 531 | 272 |
ШҚО | 8 344 | 8 138 | 158 |
БҚО | 6 797 | 6 320 | 100 |
Шымкент | 5 182 | 4 498 | 62 |
Алматы облысы | 4 915 | 4 752 | 55 |
Жамбыл облысы | 4 104 | 3 682 | 56 |
СҚО | 4 000 | 3 918 | 20 |
Павлодар облысы | 3 866 | 3 676 | 49 |
Қостанай облысы | 3 440 | 2 885 | 12 |
Ақмола облысы | 3 432 | 3 116 | 77 |
Түркістан облысы | 3 348 | 3 239 | 44 |
Маңғыстау облысы | 3 336 | 2 612 | 41 |
Ақтөбе облысы | 3 224 | 3 020 | 35 |
Қызылорда облысы | 3 231 | 3 101 | 12 |
Жалпы | 106 584 | 100 248 | 1 634 |
*Қайтқандар қатары 13 наурыз-6 қыркүйек аралығындағы деректер бойынша көрсетілген. Осы аптадағы мәлімет енгізілмеген.