Мемлекеттік сатып алу порталы«Жамбыл облысы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу, күтіп-ұстау және көгалдандыру жұмыстарына»арналған конкурс нәтижесін жариялады. Жалпы Жамбыл облысында 10 аудан болса, ондағы биылғы жол жөндеу жұмыстары 13 лотқа бөлінген. Осы жұмыстар үшін бөлінген сома 376 148 536.26 теңгені құрайды. Лоттың барлығын «Qazaq Stroy Zhol» ЖШС ұтып алған.
Тендерді кім ұтып алды?
Бұл компания 2016 жылы қаңтар айында Шымкент қаласында тіркелген. Сайттағы мәліметтерге сәйкес, бұл компания Нұрмахан Нұрболға тиесілі. Ал келісімшарт Кайрат Султанкуловпен жасалған. Алайда жеңімпаз компания барлық лотты бірінші конкурс нәтижесінде ұтып алмаған. Конкурстың алғашқы нәтижесі бойынша әртүрлі 10 компания 10 лотты, ал «QazaqStroyZhol» 3 лотты қатар ұтып алған. Бірақ алғашқы конкурс нәтижесі шыққан соң 13 лоттың 11-не камералдық бақылау жүргізуге шешім қабылданған. Ал 8 сәуір күні Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жариялаған. Бақылауды Алмат Мырзахметов жүргізген. Мысалы, камералдық бақылаудың нәтижесінде компаниялардың кейбірі жалға алған бульдозердің техникалық төлқұжатын ұсынбағанын, автогрейдер көрсетпегенін, бірі материалдық және еңбек ресурстары туралы мәлімдемегенін, сондай-ақ растайтын құжатқа сілтемелер көрсетпегенін анықтаған.
Осындай себептермен алғашқы «жеңісінен» айырылған компаниялардың барлығы «біліктілік талаптарына сәйкес келмейді» деп танылып, конкурсқа қатыстырылмаған. Бір қызығы мұның барлығын комиссия мүшелері бірінші өткізілген конкурста елемеген не байқамаған, байқаса да байқамаған сыңай танытқан. Тек камералдық бақылау нәтижесінде кеткен олқылықтар мен кемшіліктер анықталған. Сонда бұл дегеніңіз елімізде өткізілген әрбір мемлекеттік сатып алуға, бір сөзбен айтқанда тендерлерге дер кезінде тексеріс жүргізіп отыру қажет дегенді көрсете ме? Егер аудит департаменті осы олқылықтарды анықтамаса, Жамбыл облысындағы жол жағдайының қандай боларын кім білсін?! «Біліксіз» компаниялар білгенін істер ме еді?! Сонымен бірге екі рет өткізілген конкурс кезінде конкурстық комиссияның құрамы өзгермеген.Конкурстық комиссияның төрағасы Бақытжан Джанибеков мырза бірінші өткізілген конкурста осындай олқылықтарды қалай байқамаған, көзге ұрып тұрған кемшіліктерді қалай көрмеген дерсіз?!
Осыдан кейін екінші рет өткізілген конкурстағы барлық лотқа «Qazaq Stroy Zhol» мен «Жоғарғы Санат Құрылыс» қатысқан. Бұдан бөлек әртүрлі лоттардан тағы төрткомпанияның қатысқанын көруге болады. Алайда қазіргі жеңімпаз ЖШС барлық бәсекелестерін шаң қаптырып кеткен. 13 лоттың 11-інде екінші орынды иеленген «Жоғарғы Санат Құрылыс» та Шымкент қаласында тіркелген. Бұл компания«Qazaq Stroy Zhol»-дан кейін 2 айдан кейін мемлекеттік тіркеуден өткен. Айта кету керек, биыл конкурсты«Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» коммуналдық ММ ұйымдастырған. Ал бұрын«Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» өзі өткізген екен.
Былтыр осы қызметтерді кім атқарды?
Былтыр осы жол жөндеу жұмыстарын жергілікті компаниялардың атқарғанын көруге болады. Алайда биыл олардың көбі «біліктілік дәрежелерінің төмен болуына байланысты» тендерге қатыстырылмаған. Мысалы, былтыр Жуалы ауданының автомобиль жолдарының биылғы жөндеу жұмыстарын ұтып алған «Жол deluxe» ЖШС биыл конкурсқа берген өтінімде материалдық ресурсы тек «Автогрейдер» екенін көрсеткен. Осы үшін конкурсқа қатыстырылмаған. Алайда бұл компания биыл құны 91 257 824.00 теңге болатын Өрнек-Тоғызтарау-Жанаөткел 6 км автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарын алған. Компаниялардан былтыр және биыл талап етіліп отырған техникалық сұраныстардың соншалық өзгеріп кеткені шамалы. Сонда «Жол deluxe» былтыр түгелдеп ұсынған документтерін биыл неге ұсына алмаған немесе ұсынбаған? Жалғыз көрсеткен автогрейдерінің арқасында 132 шақырым жолдың жөндеу жұмыстарын өзі ұтып алмасын анық білген болар?!
Жарайды, ағымдағы жол жөндеу жұмыстары атқарылар, алайда қыста жолдың қарын тазалау жұмыстарын бұл компания қалай атқармақ? Өйткені бұрын облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына қысқы күтіп-ұстаужұмыстарытікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылған екен. Мұнда жергілікті жердегі табиғат ерекшеліктері немесе жеделділікті қажет ету жұмыстарымен байланысты болса керек. Алайда биыл бұл жұмыстар жолды жыл бойы күтіп ұстау жұмыстарымен бірге және бір конкурс арқылы өткен.Сонымен қатар компания тайғаққа қарсы қоспалар жинауға және техникаларды сақтауға арналған жекеменшік не жалға алған базасы бар болуын көрсетуі қажет. Яғни компанияның 13 жерде осындай базасы болу керек. Жамбыл облысының табалдырығын алғаш аттап отырған бұл компанияның барлық жерде базасы бар болғаны ғой?! Тек еріксіз шамамен 2 000 шақырым болатын, жыл бойы атқарылатын жол жұмыстарын жалғыз өзі атқаруды міндетіне алған қандай қауқарлы компания деп таңдай қағасың…
Сонымен қатар, компанияда болуға міндетті құрылыс көліктері және механизмдер саны көрсетілген. Сонда 13 лоттың жұмыстарын жасау үшін бұл компанияның автобазасы арнайы техникамен толықтай қамтылған ба деген күмәнді сауал туындайды. Әрине, техникаларды жалға алуға да болады. Алайда компанияның конкурсқа қатысу үшін көрсеткен тиісті техникалары тек тапсырысы берушіге ғана мәлім. Жергілікті компаниялардың барлығын ығыстырып, біліктілігімен ерекше көзге түскен шымкенттік «Qazaq Stroy Zhol» компаниясының Жамбылдағы жол мәселесін мінсіз атқаратына сенейік және соған бірге куә боламыз деп үміттенейік..
Компания бұл қызметті қалай атқаруы мүмкін?
Ойлап қарасақ, бұл компания бұл қызметтерді екі жолмен мінсіз атқара алады. Біріншісі, компания Жамбыл облысының 13 елді мекеніне қажет техникаларды арқалап, қызметкерлерін ертіп, сол жерден қоныстанып жыл он екі ай сол жерде қызмет көрсетеді. Алайда, бұл нұсқа естір құлаққа онша сенімді, көңілге қонымды емес. Неге десеңіз, бұл компанияға артық шығын, сонымен қатар өздері бұрын көрмеген, тіпті қыр-сырын білмейтін аймақта қызмет ету соншалықты оңай емес...
Ал екінші нұсқасы, «Qazaq Stroy Zhol» компаниясы«субподрядчик»яғни қосалқы мердігер компанияларға іздеу салады. Көбіне жергілікті компаниялардан «көмек сұрауы» мүмкін. Өйткені сол қызметтерді бұрын атқарып жүргендер, әрі биыл «жеп отырған нандарынан» айрылған жергілікті компаниялар мұндай ұсынысқа қуана келісетін болар, бәлкім...Мүмкін біз білмейтін басқа жолы бар болар... Мүмкін, өздерінің біліктілігімен Жамбыл жұртын тамсандырып, жергілікті компанияларға үлгі көрсетіп кетпек болар...Бір білетініміз егер екінші нұсқа шындыққа жақын болса, бұл жолды таңдау «Qazaq Stroy Zhol»-ға неге қажет болды екен?! Егер компания қосалқы мердігерге осы жұмыстарды беретін болса, бұл компанияның біліктілігін қай жерден көруге болады? Бұл кімге тиімді? Тек бір компаниядан екінші компанияға жұмыс берілгенде, екі ортада бөлінген қаржының ортайып қалатыны анық. Ал бұл жолдың мәселесін арттырмаса, азайтпайтыны бесенеден белгілі.
Жеңімпаз компанияның биыл тағы қандай жетістіктері бар?
Жеңімпаз компанияның биыл жеткен тағы қандай жетістіктері бар екеніне көз жүгіртейік. Биыл бұл компанияның айы оңынан туып тұр десек те болады. Өйткені мына сілтеме арқылы өтсеңіз бұл компанияның биыл алған сансыз тендерлеріне куә боласыз. Компанияның биылғы жылғы ең үлкен жетістігі деп Түркістан облысы, Арыс қаласындағы Монтайтас ауылындағы көшелерде асфальт бетонды жабынды орнату жұмысын айтуға болады. Бұл жұмыс үшін бөлінген қаржы көлемі 278 704 160.00 теңгені құрайды. Келісімшарт 21 сәуір 2020 жылы жасалған.
Сондай-ақ бұл компания жол жөндеу жұмыстарынан бөлек мекемелерге көмір жеткізу қызметін де өз мойындарына алған. Бұл қызмет үшін 14 112 000.00 теңге қарастырылған. Бұған тағы Ордабасы ауданынан екі жол жөндеу жұмыстарын (бірінің құны 2 912 000.00, екіншісі 12 992 000.00) қосыңыз.
Сонымен қатар «QazaqStroyZhol» компаниясы «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында ауылдық жерлердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым бойынша шараларды жүзеге асыру бойынша Түркістан облысы, Келес ауданындағы Ақтөбе ауылдық округындағы Қызыләскер елді мекеніндегі 8 көшенің жол жамылғысын орташа жөндеу мен Абай ауылындағы 1 көшенің жол жөндеу жұмыстарын да ұтып алған. Бұл жұмыстарға бөлінген қаржы көлемі шамамен 281 миллионды құрайды екен.
Бұрын бұл компанияның Түркістан облысы мен Шымкент қаласында біраз жұмыстар атқарғанын көруге болады. Биыл бұл тізімге Жамбыл да қосылды. Жамбылдың жолын жайнатам деген «Qazaq Stroy Zhol»-дың жолы болсын дейміз енді. Жалғыз компанияның Жамбылдың жолын қалай жөндеп жатқанын назарда ұстайтын боламыз. Қазір компанияның Жамбылдың арғы басы мен бергі басындағы жол жөндеу жұмыстары басталып кеткен де болар...
Мәдина Керімқұл