Мәселе екі сиырда емес.
Вице-премьер-министр Бердібек Сапарбаев аты шулы екі сиырға қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, мәселе екі сиырда емес, мәселе азаматтардың еңбексүйгіштігінде.
«Біз барлығымыз ауылдан шықтық. 1-2 сиыр бағып өмір сүруге болады. Бірақ сол сиырларды өсіруге жағдай жасау керек. Елдер айтады, жем-шөп жоқ деп. Жоқ десең, жоқ бола бересің. Ешкім сізге жем-шөп әкеліп бермейді. Егер сиырға уақытылғы жем-шөп беріп тұрса, ол күніне 7-8 литр сүт береді. 2-3 литр сүт күнделікті пайдалануға кетсін. Қалғанынан құрт, май, қаймақ жасауға болады. Меселе екі сиырда емес, мәселе азаматтардың еңбексүйгіштігінде» - деді Сапарбаев.
Бұған дейін «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің отырысында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға билікке шағым айтқанша екі сиыр асырап, жанын бағу қажеттігін айтып, ақыл-кеңес берген.
«Жұмыссыздарға микронесие бердік. Екі сиыр сатып ал, жағдайыңды жаса. Артық сүтті сат. Бақша ек. Қажетін өзіңе алып қал, қалғанын базарға апарып сат. Бұдан артық не керек?» - деп мәлімдеген Назарбаев.
Назарбаевтың мәлімдемесінен кейін әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде экс-президент кеңесін сынға алып, «екі сиыр» дауы қызу талқыланған.