Азаттық радиосының тілшілеріне белгісіз біреулер шабуыл жасады.
Бүгін, 22 шілдеде Азаттық тілшісі Нұргүл Тапаева мен оператор Тоқмолда Құсайыновқа белгісіз біреулер шабуыл жасады. Азаттық тілшілері таңертеңгі сағат 11-де Алматыдағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросындағы баспасөз жиынына барған. Ғимараттың бірінші қабатында журналистерге тарпа бас салған бес әйел Азаттық тілшілеріне қол жұмсап, техникасын бүлдірді.
Азаттық тілшілері бүгін адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросындағы "Мемлекет аналар және балалармен күресіп отыр" деген тақырыпта өтуі тиіс баспасөз жиынына барған. Бұл жиынды ұйымдастырушылары елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (Қазақстан билігі сынаушы, қазір шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған) қызметіне қатысы бар деген күдікпен тұтқындалған алматылық көп балалы ана Оксана Шевчук пен жалғызбасты аналар Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуованың үстерінен қозғалған істердің мән-жайын айтпақшы болған еді.
"Жиын басталмас бұрын жиырмаға жуық әйел келді. Олар шу шығарып, баспасөз жиынына келген журналистердің камерасын, ұялы телефондарын тартып алуға әрекет қылды. Жиынға келген өзге де адамдарға шабуыл жасады" деді бюро өкілі Сергей Дуванов.
Оқиға болған жерге полиция келді. Азаттық радиосы мен ҚазТАГ агенттігінің тілшілері арыз жазып жатыр.