Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюро мен "Адам құқығын қорғау жөніндегі хартия" ұйымдары Нұр-сұлтаннан наразыларды ұстау кезіндегі полиция әрекетін талдап, баға беру үшін тәуелсіз комиссия құруды талап етті.
11 маусымда жарияланған бірлескен мәлімдемеде ұйымдар "9-10 маусымда наразылық акциялары кезінде азаматтардың құқығы жаппай бұзылды. ІІМ ұсталғандар санын азайтып көрсетті" деп жазылған.
Екі ұйым хатты Қазақстан бас прокуратурасы мен президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасына жолдағандарын хабарлады.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, 9 маусымда Алматыда полицейлер себебін түсіндірместен кем дегенде 360 адамды қалалық полиция департаментіне апарған, жүздеген адамды уақытша ұстау изоляторларына жеткізген.
Мәлімдеме авторлары "Адам құқықтары жөніндегі хартия" қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова мен Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтистің айтуынша, "полиция адамдарды ұстаған кезде күш қолданған. Ал 10 маусым түнде полиция департаменттерінде ұсталғандардың соты адвокатсыз жабық өткен".
Мәлімдеме авторлары Қазақстан билігінен наразылық кезінде ұсталғандардың тізімін, нақты санын, қайда екендерін хабарлауды және "азаматтарды сотсыз соттаған" қызметкерлерді жазалауды сұрайды.
9 маусымда Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбеде полиция жүздеген адамды ұстаған. Осы күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда сайлауға қарсы жүздеген адам митингіге шыққан. Қазақстан билігі митингіні елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының "радикалды пиғылдағы өкілдері" ұйымдастырды деп мәлімдеген.
Ішкі істер министрлігі 9-10 маусымда Алматы мен Нұр-сұлтанда 700-дей адам ұсталғанын мәлімдеді.
10 маусымда полиция Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентте ондаған адамды ұстаған. Осы күні Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен ел астанасында "біршама азамат өз пікірін білдіру, наразылық және басқа мәселемен көшеге шықты" деп мәлімдеді, бірақ қанша адам және қандай талаппен шыққанын нақтыламады.
Маусым айының 10-ы күні Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының түпкілікті қорытындысын жариялады. Онда Қасым-Жомарт Тоқаевтың 70,96%, Әміржан Қосановтың 16,23% дауыс алғандығы жөнінде айтылған.
"The Qazaq Times"