Құрама Штаттар Иранмен алдын ала шарт, талап қоймай сөйлесуге дайын деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео. Бірақ соған қарамастан ол Иран өзін қалыпты ел ретінде көрсетуі тиіс деп атап өтті.

Помпео жексенбі күні Швейцария сыртқы істер министрі Игнацио Кассиспен кездесіп, Ирандағы жағдайды талқылады. АҚШ пен Иран арасында дипломатиялық қарым-қатынас болмағандықтан, Швейцария - Америка талаптарын жеткізуші мемлекет.

Таяуда Иран президенті Хасан Роухани егер Құрама Штаттар Иранға құрмет көрсететін болса, Вашингтонмен келіссөз жүргізуге дайын деген.

Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Таяу Шығыстағы "зиянды әрекеттерін" тоқтатуды қоймаса, Иранға қысым көрсете беретінін ескертті.

Былтыр Құрама Штаттар Иран саясатын өзгертуі тиіс 12 талапты атап көрсеткен. Олардың ішінде Вашингтон террористік деп санайтын ұйымдарға қолдау көрсетуді тоқтату және зымыран бағдарламаларын шектеу.

Дональд Трамп әкімшілігі ядролық қару-жарақты тоқтатуға байланысты келісімнен шығып, Иранға қарсы санкцияларды қайта енгізді.

Соңғы аптада жағдай ушыға түсті. АҚШ Иран қауіпін желеу етіп, Таяу Шығысқа қосымша әскер жіберетінін мәлімдеген.

"The Qazaq Times"