Владимир Зеленский Украина халқының алдында ант қабылдады.
Мамыр айының 20-ы күні Жоғары Радада Владимир Зеленскийдің ұлықтау рәсімі өтті. Оған Украинаның экс-президенттері Леонид Кравчук, Леонид Кучма, Виктор Ющенко және Петр Порошенко қатысты.
Ант қабылдау рәсімінен кейін сөз сөйлеген Владимир Зеленский Украинадағы әлеуметтік мәселелерге тоқталды.
«Үкімет біздің мәселемізді шешпейді. Үкіметтің өзі – біздің мәселеміз. Парламентте келешек ұрпақтың қамын ойлайтындар ғана отыруы керек» - деп мәлімдеді.
Жаңа перзидент Жоғары Рададан депутаттардың тиіспеушілік мәртебесін алып тастауды, Украина қауіпсіздік қызметінің басшысын, қорғаныс министрі мен бас прокурорды қызметінен кетіруді сұрады және бұл мәселені шешу үшін халық қалаулыларына екі ай уақыт берді.
Бұдан бөлек Владимир Зеленский әлемдегі барлық украиналықтарды бірігуге шақырды.
«Біз бірігуіміз керек. Сол кезде ғана мықты боламыз. Әлемдегі барлық украиналықтарға айтарым – біз 65 миллионбыз. Сіздер бізге керексіздер, мықты да қуатты Украинаны құруға әрқайсыңыз қажетсіздер. Сіздерге Украина азаматтығын беруге уәде беремін. Бұл – біздің ұлттық идеямыз» - деп мәлімдеді Зеленский.
Ұлықтау рәсіміне АҚШ, Канада, Латвия, Литва, Эстония, Грузия, Әзірбайжан, Молдова, Польша, Словакия елдерінің өкілдері қатысты. Қазақстан атынан инаугурацияға парламент сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров барды.
Украинада президент сайлауының екінші кезеңі сәуір айының 21-і күні өткен. Онда Владимир Зеленский халықтың 73,2 пайыз дауысын алып, жеңіске жеткен. Оның басты қарсыласы Петр Порошенко сайлау нәтижесін мойындайтындығын және алдағы президент сайлауына қатысатындығын мәлімдеген.