Жұрт аузына оңай ілініп кететін «Шымкентте бәрі сатылады» деген сөзді жер үлестіруші шенеуніктер тағы да растап берді. Дәлірек айтқанда, Шымкентте сатылмауы тиіс жерлер мазармен қосып жекеменшікке өтіп кеткен. Осы ретте қалаға қарасты мәртөбеліктердің ашты айқайы КТК телеарнасында айтылды.
Мәртөбеліктердің айтуынша, мұндай масқаралықтың бір түйіншегі жергілікті өндірістік кооператив шенеуніктерінің қолында. Себебі, жерді жекеменшікке алушылар солармен ауыз жаласып, жол мен арық, тіпті, темір жол мен бейіт тұрған жерлерге де құжат жасап алған көрінеді. Бүгінде аталған оқиға салдарынан жалпыға тиесілі 20 гектар жер жекелеген тұлғалардың уысында кеткен.
– Талдарымыз бәрі қурап жатыр. Басқа нәрсе еге алмаймыз. Халық қиналып жатыр. Мал жүретін жолымыз да жоқ. Оны да жауып тастауда. 2-3 рет айттық, 2-3 рет жиналыс болды. Бірақ, бәрібір іске аспай жатыр, – дейді Мәртөбе ауылының тұрғыны Махамат Халилов.
Ең сорақысы, жиналған жұрт бұны жер комитетінің де растағанын жеткізіп отыр. Алайда, бұл мәселеге орай ресми билік тарапынан ешқандайда нақты шешуші қадам жасалмаған. Сондықтан да осы уақытқа дейін далаға «үргендей» болған тұрғындардың жекеге кеткен мазар басында шу шығарудан басқа амалы қалмапты.
«Шу шығару» демекші, мәртөбеліктердің бұлай өре түрегелуінің тағы да басқа себептері бар. Ауылдықтар оны да айтып берген. Олардың пікірінше, бұрын Сайрам ауданына қарасты болып, кейін Шымкентке өткен жерлер жеке қолға кетіп жатыр. Бұл туралы аталған ауыл тұрғыны:
– Халық енді қайда барамыз? Әкімдікке айттық, кадастрға жаздық, прокуратураға жаздық. Бәрі сатылып бітті. Техника сатылып бітті, ғимараттар сатылып бітті. Ал жерге жауаптылар тым сабырлы, – дейді Оразалы Кенжебеков.
Бұл ретте Қаратау аудандық жер кадастры және жылжымайтын мүлік бөлімінің жетекшісі Ербол Асанбаев та арнаға пікір білдіріп, мәселенің мәні туралы қысқа қайырымнан аспаған.
– Далалық зерттеу жұмыстарын жүргізбей біз нақты ештеңе айта алмаймыз. Оны жерге мазар түскені сол далалық зерттеу жұмыстары барысында анықталады, – дейді ол.
Қайталап айтамыз жермен қоса бейіттің сатылып кету мәселесі бойынша: «далалық зерттеу жұмыстары барысында анықталады» дейді мәселеге жауапты топтың өкілі.
Қысқаша айтқанда, жерді жекеге бергенде оның қандай да бір мақсатта жарамдылығы мен қандай да бір объектіге (нысан), топқа (халық) зияны тиетін-тимейтінін анықтамаған шенділер қалқиып тұрған мазарды көрсін бе? «Көрмей қалған». Бұдан асқан сорақылық бар ма, сіз ше?!