Түркіменстан 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шет елге жөнелтілетін кітаптарға бақылауды күшейтті. Енді шекарадан өткізілетін әрбір кітап үшін Ашхабадтағы Ұлттық кітапханадан «Ұлттық құндылықтар санатына жатпайды» деген анықтама алуы тиіс.
Бұған дейін шет елдерге 4 кітапқа дейін арнайы рұқсатсыз жіберу мүмкін болған. Енді жаңа талаптармен жұмыс істей бастаған «Түркіменпошта» қызметі әрбір азаматтан анықтама сұрап отыр.
Сонымен қатар, Түркімен Ұлттық кітапханасынан рұқсат алу да қиындай түскен. Арнайы сараптамадан өткізіліп 4-5 күннен кейін ғана жауабы шығады. Былтырғы жылға дейін бір-екі сағатта поштаға салып жөнелтетін түркімен жұртшылығы қазір бұл заңға шағымдануда.
2018 жылдың қараша айында түркменнің ресми БАҚ өкілдері Құрбанқұл Бердімұхамедовтың кітапханаларды дамытуды басты талап ретінде қойғандығын мәлімдеген болатын. Осыдан кейін Түркіменстан басшысы өзінің жеке кітапханасындағы оқу құралдарының бір бөлігін Ұлттық кітапханаларына бергені де айтылды.
Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, ғаламторды бұғаттап, халықтың заман ағымына сай өмір сүруін баяулатып отырған Түркімен билігі, енді шет ел асқан азаматтарына кітап жөнелтуге тосқауыл қою үстінде дейді. Сонымен бірге, әрбір кітап үшін Түркімен Ұлттық кітапханасынан анықтама алу бір күні тұрғындарды да мезі қылып жіберуі әбден мүмкін дейді.