Ұлтымыз бойынан отарлық дәуірдің зардабы толық айығып болмады. Соның ішінде ең ауыры – ұлттық сананың сырқаты. Бұл сырқат ұлттың көңіл көкжиегін кеңітпей келеді. Әсіресе, тарихи санасы – өз тарихына, өзі қатысқан өңірдің, адамзаттың тарихына деген танымы әліде шідерлі күйде. Оның мысалы – "XXI ғасырдағы Қазақ-Жоңғар соғысы".  Бүгінгі әдебиетіміз бен кино саласынан тартып, халық арасында тарап жүрген "бұралқы сөзден" құралған күлдіргілерімізге дейін жоқ жоңғармен әлі жауласып, әлі де жоңғар қуалап жүргеніміз. Көшпендінің бағы тайған тұста, алыстағы екі империяның және басқа да себеп-салдардың айдауымен дала көкжалдары бірінің алқымын бірі шайнап, өз даласында қан төгісіп сахнасын босатып шыға берді. Ең өкініштісі бүгінгі халықтың өз тарихына деген танымы. Кешегі отаршылдар үйреткен тарих бойынша әлі де дала еркелерін тағы, жабайы саналса, жоңғарлар туралы жазылған кітап пен түсірілген кино біткенде шапқыншы, отарлаушы, қырып-жоюшы саналып жүр. Әрине, Жоңғар шапқыншылығының Қазақ ордасына тигізген зардабын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, Жоңғар империясына тек осы қырынан қарау "киіз туырлықты" халық ретінде қаншалықты әділдік болар еді? 

Олай болса Жоңғарлар кім еді? Олар қазақтың бірден бір бақталас жауы болды ма? Ұлы даланы дүбірлеткен жоңғарлардың саны қанша еді? Кімдермен соғысты, кімді ұтып, кімнен ұтылды? Көшпендінің соңғы империясы қалай құрылып, күні қалай батты? Міне бұл сұрақтарға Ерзат Кәрібайдың ізденісінен туған мақаласы арқылы жауап беріп көрелік. 

 

Алғашқы Ойрат империясы

Адамзат тарихындағы көшпенділердің ең соңғы империясын ойраттар құрды. Шыңғыс қағанның алғашқы өрлеу дәуірінде ойраттар Байқал көлінің солтүстік батысындағы орман тайпалары болатын. Ойрат, бурият, қыры түмет, бұлағачин, керемучин, арасут, күштеми қатарлы қидан тілдес( бүгінше айтқанда моңғол тілдес) орман тайпалары Сібір ормандарында аңшылықпен шұғылданған. Олар бұл мекенге 840 жылдары, яғни, Ұйғұр қағанатын құлатқан Қархастар бастаған Сібір түркілері ұйғұрлардан қалған иен сахараға қоныс аударғанда, ойраттар Сібір түркілерінен қалған иен далаларға қоныс аударды деп тұспалдауға болады.

1209 ойрат Құдұқа бек Жошының әскерлеріне бағынады. Деректерде түмен түтін дегеніне қарағанда саны 50 мың айналасында болса керек. Юань империясындағы халықтар ішінде де Ойраттар аталады. Моғұл (Моңғол) империясы өз ішінен бөлшектене бастаған кезде ойраттар күшейе бастайды.  Юань хандығы мен Үгедай, Шағатай хандықтарының арасындағы 40 жылға созылған соғыстың нәтижесінде моғұлдардың Орхоннан батысқа қарайғы тобы Алтайдан асып, 1300 жылдары Алтай-Тәңіртау арасы мен Баркөл-Шуға дейінгі алапта «Моғұлстанды» құрады.  Моғұлдардан босап қалған батыс Моңғолияға ойраттар ие болады да саны тез өсіп 1360 жылдары 200 мың адамнан асып үлкен күшке айналады. Моғұлстандық моғұлдар Батыс Моңғоияны «Қалмақ жері» деп атай бастайды. 1368 жылы Юань империясы құлап, 100 мыңнан аса моңғолдың Моңғол сахарасына қайтуы ойраттармен болған қақтығысты күшейтті.

1399 жылы Ойрат бегі Үгіш Қашқа Шығыс Моңғолдың  Елібек ханын өлтіріп орынына Кентемірді отырғызады. 1414 жылы ойрат әскерлері Миң Қытай әскерлерімен соғысады. Ал, Моғұлстан ханы Уәйіс ойраттармен 61 рет соғысып тек  бір ретінде ғана жеңген екен. Уәйіс ойрат бегіне қарындасын ұзатады, одан Махмұт туады. Махмұт  1412 жылы Шығыс Моңғолды жеңіп, ханы Бенашылды өлтіреді.  1416 жылы Махмұт асут тайпасының (Асуттар шығысқа кеткен аландар) ханы Алухайынан жеңіліп соғыста өледі де, орынына ұлы Тоған отырады. Тоған 1434 жылы асуттарды ойсырата жеңіп, Алухайынды өлтіреді. Тотобұқаны хан тағына отырғызып, өзі хан әулетінің қызын алып уәзірі болады, шын мәнісінде барлық билікті өз қолында ұстайды.

Тоғанның ұлы Есеннің тұсында ойраттар шығыста жұржындар (Шүршіт) мен корейлерді бағындырады; батысы Құмылға, Алтай тауына, шығысы Жапон теңізіне тірелетін, солтүстігі Байқал көліне , оңтүстігі Қытай қорғанына тұтасатын Моғұл империясынан кейінгі «Ойрат империясын» құрып шығады. 1449 жылы Есен ойраттарды бастап Миң империясының астанасы Пекинді қоршайды, 500 мың Қытай әскерін 30 мың ойрат қолы тас-талқан етіп жеңіп, Миң патшасын тұтқындап масқара келісімдерге қол қойғызады. 1428 жылы ойраттар батыста Сығанақ бойында Әбілқайыр хан әскерлерін жеңіп, оны да теңсіз бітімдерге  мақұл етеді. 1469 жылы Моғұлстан ханы Жүніс те ойраттардан ойсырай жеңіледі.

1490 жылдары Ойрат империясы қайта әлсіреп,  Құбылай ұрпағы Батмөңке даян хан ойраттарды ойсырата жеңеді. Осымен бір уақытта Моғұлстандағы Сұлтан Ахмет хан да ойраттарға қарата бірқатар жеңісті соғыстар жасайды. Тарихта ол ойраттарға танытқан қаталдығы үшін «Алаша хан» (Қанішер хан) атанған болатын. 1505 жылғы жойқын соғыстарда қалқа мен цахардың біріккен күшінен  жеңіліс тапқан ойраттар Моңғолиядан ығыстырылады. Олар Алтай асып Моғұлстан жұртының жайылымына таласады. Таласты соғыстарда моғұл тайпаларын жеңіп батысқа қуады. Моғұл тайпаларынан 400-500 мың халық 1507-1508 жылдары шығыстағы ұлан-байтақ жайылымдарынан айырылып батысқа босып кетеді, бұлар кейін қазақ құрамына енеді. Бұған қоса Шайбани ханмен соғыстарда жеңілген Моғұлстанның күні бата бастайды.  Қазақ хандығына кірген көршілес ұлыстардың ру-тайпалары арасында ең көбі де Моғұлстан ру-тайпалары. Моғұлдардың шамамен 400 мың адамы Қасым ханға бағынғаннан кейін Қазақ хандығының халық саны миллионнан асып, әскері 300 мыңға жеткен болатын.

Осылайша ойраттың батыс шекарасы қазіргі Іле бойына дейін келеді. Бұдан Моғұлстанның Қазақ хандығын ұзақ жылдар бойы ойраттардың шабуылынан қорғап келгенін аңғаруға болады. Моғұлыстанның ыдырап ондағы көшпелі тайпалардың қазақтарға қосылуына және Шағатай әулетінің тек Қашқарияға ғана ие болып қалуына ойраттар тікелей әсер етті. Моғұлстанды күйретіп жерін жаулап алған да ойраттар деуге болады. Ал оның белсенді жағы болса моғұл көшпенділері қазақтарға қосылып көбі Ұлы жүзді (Дулат, Қаңлы, Жалайыр т.б ), бірқатары Орта жүзді (Абақ керей) құрап, Қазақ хандығының әлеуетін көтерді.

  Екінші Ойрат-Жоңғар империясы

1.      Еділ Қалмақтарының хандығы

1520-1620 жылдары ойраттардың шығыста қалқа-цахармен, батыса Қазақ ордасымен соғысы бір сәт толастамады.  Қазақ ордасы тарихындағы ең құдіретті хан Тәуекен ханның тұсында, яғни,1590 жылдары ойраттың торғауыт, дүрбіт тайпалары Қазақ ордасына бағынды. Есім ханның тұсында да ойраттармен теке-тірес соғыстар болып тұрды, бірақ бірлігінен айырылған ойраттар жеңіліс тауып отырды. 1600 жылдары Торғауыттың Хорорлык тәйшісі бастаған 50 мың торғауыт жасақтары (қалмақтар) Тарбағатайдан айрылып батысқа көшеді. Олар қазіргі Павлодар, Ақмола облыстарын бір мезет мекендейді. Мәшқұр Жүсіптің айтуынша: «Қазақтан бұрын Сарыарқаны қалмақтар бір мезет жайлаған, қалмақтан қалған молаларды да кездестіруге болады », – дейді. Десе де жер иесі қазақпен қақтығыс толастамай олар Сарыарқаны ендей өтіп 1635 жылдары Еділге жетіп тоқтайды да, ноғайларды ойсырата шауып, батысқа қуады.

Қазақтың «Қыз Жібек» жырында қалмақтардың Кіші жүз жерінен өткендегі соғыстарының көрінісі бейнеленгені белгілі, айталық, қазақтар мен қалмақ Хореннің соғысы. Ал, ноғай-қалмақ соғысы «Ер тарғын», «Қамбар» жырларында көрініс тапқан.  Бұл аталған жырларда шапқыншы қалмақтардан жерінен айырылып зардап шеккен ноғайлардың зары айтылады. «Қамбар» жырында: «Шатырын тігіп шаңдатып, Ноғайлының сазында сіз де отырсыз көсіліп. Айылыңды жимайсың, аяғыңды көсіліп... елшіге бейнет барма екен, орынсыз маған асылды, Әлін білмей Ноғайлар, келтірді қатты ашуды...» деген жыр жолдары қалмақтардың үстем болғанын көрсетеді. Ш.Уәлиханов өз деректерінде (1850 жылдар): «Іледегі қалмақтардың ноғайды шапқан жырлары мақтанышпен айтылады», – дейді. Әбілғазының айтуынша ол Маңғыстауда қалмақтарға барады, Хиуаны неше мәрте қалмақтардың шапқанын айтады, бұған қарағанда Жиделі-Байсындағы қоңыраттың қаһарманы «Алпамыс» жыры да осы қалмақтармен болған соғысты тарихи артқы көрніс деуге болады.

Міне бұларға қарасақ, Қалмақ территориясы Маңғыстау, Атырау, Орынбор, Орал, Астрахан оған қоса Кавказға дейін жеткен. Бар-жоғы 300 мыңға жетер-жетпес қалмақтар өз тұсында осыншалық жауынгерлік танытады. Шығыста қазақтармен де үнемі қырқысумен өтеді. 1725-1731 жылдары Кіші жүздің Әбілқайыр ханы олармен неше мәрте шайқасады, атақты «Қалмақ қырылған» шайқасы Жоңғарлармен емес, Еділ Қалмағымен болған еді. Қостанай жеріндегі Батыр  Баян да осы батыстағы қалмақтармен соғысады. Қазақ тарих зерттеу танымында шығыстағы Жоңғар негізгі тақырып болған да, Кіші жүз бен Орта жүздің батыс руларының қалмаққа қарсы соғыстары көп айтылмай келеді. Жауынгер Қалмақтар кейінгі кезде Ресей бодандығын қабылдады, орыс патшалары қалмақты Османалы империясына қарсы айдап салып отырды. Қалмақтың жаужүрек 70-80 мың сарбазы ұрыс даласында қаза болды. Ал, осы соғыстан кейін Қалмақтар ішіне ішкі Ресейден қара шекпенділері көшіріліп, шоқындыру басталады, бұдан қашқан Қалмақтар 1770 жылы Ұбаштың бастауында Жоңғарияға қаша көшеді. Бұл қазақ тарихында «Шаңды жорық» деген атпен қалған. 180 мың қалмақтан Жоңғарияға 60 мыңнан аса қалмақ жеткен.

Ресей империясының сахараны жаулау саясатына, өз тұсында Қазақ хандығы мен орыс арасында тұрған ноғайлар уақыттық қалқан болып тұрды. Ал, шығыстан жорық жасап келген қалмақтар олардан да басым түсіп, орыс армиясын бет келтірмей тұрды. Қазақ ордасының құрамындағы батыстағы ру-тайпалар қалмақтардан зардап шекті. Дей тұрғанмен қалмақтар Ресейдің қазақ даласына жасалуы мүмкін отарлық қадамдарын кемінде жарты ғасырдан астам уақыт кері шегіндірді.

2. Жоңғар Империясы

1620 жылы Ойраттың чорос тайпасының тәйшісі Қарақұлай чоростарды бір ту астына топтап қалқа-цахардың Алтан ханымен соғысты. 1623 жылы Алтан ханды жеңді және  Абақан, Енисей, Алтай-Саяндағы қырғыз, хакас, тыба (тыва), алтай, ұраңқайларды түгел бағындырды. 1629 жылы хошоуыт тайпасының Гүш ханын жеңіп хошоуыттарды Тәңіртау алабынан Тибет жеріне кетуге мәжбүр етті. Осылайша Қарақұлай шығысы  Баркөлден батысы Іле бойы, солтүстігі Енисейге дейінгі алапты толық қарамағына алып, ойраттың дүрбіт және хойт тайпалары оған тізе бүкті.  Қарақұлайдан кейін Батұр қонтайшысы билікке келді, 1640 жылы Батұр «Ойрат заңын» орнатып, Тибеттен Лама ағымындағы буддизмді жалпыластырды.

1635-1652 жылдары Ойрат пен Қазақ хандығы арасында үш ірі соғыс болды. Бұның бірі әйгілі «Орбұлақ шайқасы» еді. Онда 600 әскерін от қарумен қаруландырған Жәңгір хан 50 мыңнан аса Жоңғар қолын жеңіп шығады. Батұр қонтайшыдан кейін оның орынына ұлы Сеңге отырады,  бірақ тақ таласында Сеңге өліп, оның орынына Тибетте дін үйреніп жүрген інісі Галдан Бочигит (Тибетше есім) отырады. Галданның таққа отыруымен Жоңғар империясының жаңа дәуірі басталады.

 

Жоңғар-Манжур (Маньчжур) соғысы

Манжурлардың арғы тегі – Шүржендер (Шүршіттер). Шүржендер солтүстік шығыс Қытайда мекендейтін Тұңғыс текті балықшы-аңшы тайпалар болатын. X-XI ғасырларда олар қиданардың басқаруында болды, кейін Шүржен көсемі Онгин апаге Шүржендерді бірлікке келтірді де, Қиданарға қарсы соғысты.  1125 жылы Қидан империясын құлатып, оның орынына шүржендердің «Алтан патшалығын» құрып шықты. Олар оңтүстіктегі Қытай патшалығы Сүн империясын жеңіп, территориясының тең жартысын басып алды. 1211 жылға дейін Моңғолияны сырттай иемденді, 1211-1216 жылдары Шыңғыс қағанның 100 мың әскері 400 мың Шүржен әскерін түгелдей қырғынға ұшыратты, осыдан бастап шүршіттің күні бата бастады. 1234 жылы Үгедай қаған Шүржен патшалығын бір жолата жойып 48 миллион адамды қырғындаған. Шүржендер осыдан тартып 1616 жылға дейін бас көтере алмады.

1616 жылы Нұрқаш Шүржендерді біріктірді де, «Алтан патшалығын» қайта құрды. Оңтүстікке жорықтарда Қытайдың Миң патшалығын жеңді. Оның ұлы Қонтайшы патшалық атын Цинь (тұнық деген мағынада), Шүржен атын Манжурға өзгертті. 1644 жылы шүржендер Қытайдың Миң патшалығын жойды да, арасы 20 жылда тұтас Қытайды басып алды. Бұл соғыстарда кемінде 30 миллионнан аса қытай қырылды. Манжурлер 1636 жылы Құбылай ұрпақтарынан патшалық мөрді тартып алды. Осыдан бастап моңғолдардың Шығыс Азиядағы патшалығы толық жойылды. Халқа мен цахарлар манжурларға бағынып олардың ең тіректі әскери күшіне айналды. Осыдан кейін Жоңғар мен манжур арасында Моңғолия, Шығыс Түркістан және Тибет сынды үш стратегиялық аймаққа талас соғыстары басталды.

Жоңғардың жорық жолдары.

Моңғолияға талас соғысы

1670 жылы таққа отырған Галдан 1678 жылы Тибет дін басы V далайламадан «Бичигит хан» деген атақ алды. Екі жылдан кейін 12 мың ғана әскермен барып Қашқарияны бағындырды. Содан бастап Қашқарияның 600 мыңнан астам отырықты-егінші халықы Жоңғардың экономикалық тірегінің біріне айналды. Қашқарияны бағындыру 600-700 мың ғана халқы бар жоңғарларды мал бағу сынды шаруашылық істерінен қолын босатып, соғысқа жарамды ерлеріне түгелдей жорыққа шығуға мүмкіндік берді.

1680 жылғы соғыста Жоңғар Қазақ хандығын жеңіп Сайрам қаласын қиратты да, батыс шекарасын Шуға дейін кеңейтті және қырғыздарды өзіне бағындырды.  1688 жылы Галданның қолы Орталық Моңғолиядағы қалқалардың Түчет ханын жеңіп оңтүстікке қуды. Сол жылы шілдеде Манжурлардың Арани бастаған 30 мың әскері Жоңғарлардан ойсырай жеңіліп, көбі қырылды. 1690 жылы Цинь империясының Каңши патшасы 200 мың әскермен Жоңғарға қарсы жорыққа шықты. Себебі, бұл тұста Жоңғар хандығы Моңғолияның жартысынан астам территориясын басып алып, Пекинге 350 шақырым жерге дейін жеткен. Манжурдың қосынына қалқа мен цақарлар да тартылды. Ұланпұдүнда болған соғыста  бірнеше жүз ауыр зеңбірегі бар Цинь армиясына Галданның 30 мың атты жасағы төтеп бере алмады. Оның үстіне, қалқа мен цахар сынды моңғол тайпаларының атты жасақтары да көп болды.

1695 жылы Моңғолияға 30 мың жасақпен аттанған Галдан серенді Манжур қолы 80 мың Жаумодода күтіп алды. Осы кезде Жоңғар билеушілері арасында бүлік тудырған Суан Рабдан таққа отырып, Галданға жеткізілетін көмекті үзіп тастады. Цинь жасағымен соғыста Галдан серен жеңіліп, 1697 жылы құсадан өледі. Осылайша Жоңғар мен Цинь арасындағы Моңғолияға талас ұрыстары манжурлердің жеңісімен аяқталып, Моңғолия жері қалқаның билеуіне қалдырылды.

Қазақ хандығын ыдыратқан соғыс

Суан Рабдан билікті қолына алғаннан кейін бар назарын батысқа аударды да, 50 жылға созылған Қазақ-Жоңғар соғысы басталды. Сол соғыстардың бірінде 1718 жылы Әбілқайыр хан мен Қайып хан бастаған 30 мың қазақ әскері жоңғарлармен соғыста ойсырай жеңіліп  қырылады. 1720 жылдардағы соғыс туралы Қожамқұлбек Балыхи: «Қонтайшы бір лек әскермен қырғыздарға аттанды, Қырғыздарда бір лекпен қарсы шықты, Жоңғарлар оларды жеңіп өздеріне бағындырды. Енді одан ары Қазақ жеріне аттанды, Қазақтар үш лекпен қарсы аттанды, екі жақ табандасып бір ай соғысты, ең соңында жеңіс самалы кәпірлер жағына шықты да, қазақтар екі лек әскері қырылып қалғаны қашты...Бұл жеңістен кейін Хиуа мен Бұқардың қарсыласуға шамасы келмеді. Қонтайшы да оларға «сендер жаққа менің әскерім симайды» деді, осылайша олар бағынды», – деген.

Бұл 1720 соғыс тарихтағы  «Ақтабан шұбырындыға» сәйкес келеді. Шәкерім Құдайбердіұлы бұл соғыстағы қазақ қолының шығыны туралы: «Қазақтар үш есенің екеуінен айырлды»  деп жазған. Өзінен үш есе көп қазақтарға қарсы Жоңғар әскерінің жеңімпаз соғыс жасауы олардың от қаруларына тікелей байланысты. Тарихи деректерден жоңғарлар Швед офицері Ренатты тұтқындағаннан кейін оған неше ондаған зеңбірек жасатқаны белгілі, сонымен қатар Орыс қамалдарынан от қаруды сатып алған, көнбесе тартып алған. Сол замандағы Мәуреннахр деректерінде «Қазақтар Мәуреннахр қалаларына толып кетті, тонаушылықпен айналысып Мәуреннахрды құртуға айналды» деген . Осы орайда 1724 жылы құрылған жаңа хандық – Қоқан хандығы қазақ-жоңғар соғысынан қашқан әскерлерге сүйене отырып құрылған болуы мүмкін деген болжам жасауға болады.

Бұл соғыстардан кейін Жоңғарияның батыс шекарасы Ауғанстанның Құндыз аймағына дейін жетіп, Орта Азияның басым көп аумағын, Тибет пен Шығыс Түркістанды және Сібір даласын қамтыған, территория аумағы 6 млн шаршы шақырымды құрайтын көшпенділердің ірі империясына айналды.

Ал, жоңғарлардан ауыр жеңілістен кейін Қазақ ордасы есін қайта жия алмай, біртіндеп ыдырауға қарай бет алды. Біртұтас билік жүргізетін ханы болмады және бір ханға бағынбады. Қазақ рулары өз-өз алдына тарта бастады. Бұл ыдырауды кейін Абылай хан да, оның немересі Кенесары хан да біріктіре алмады. Шыңғыс ұрпағының билігі әлсіреп, керісінше әр рудың батырлары мен билерінің билігі күшейді. Бұндай үрдіс Әз-Тәуке ханның тұсында басталғанымен Жоңғар соғысынан кейін тіпті күшейді. Ру-тайпалар арасындағы баланс бұзылып, үлкен рулар кіші руларға тырнағын батырып, жайылымға таласты. Бұл жағдай Ресейдің қазақ даласын соғыссыз басып алуына жағдай жасады.

Сібір даласына талас

Сібірде орыстар Түмен бекінісін салуымен Жоңғария мен Ресей арасында Сібір даласына талас басталып кетті. 1606 жылы 200 от қарумен қаруланған Орыс әскері 600 Жоңғардан жеңіліп қашып кетті. 1649 жылы жоңғарлар Томскке шабуылдады. 1673 жылдарыда жоңғар-қырғыз жасақтары Сібір жеріндегі орыс қамалдарын өртеді. Серен Дондоптің  он мың жасағы 2 мың орыс жасағын қырып салды... Жоңғар мен Ресей арасында үлкенді-кішілі осындай қақтығыстар болып тұрды. Әрі бұл қақтығыстар Жоңғар хандығы тарих сахнасынан кеткенше жалғасып отырды.

Тибетке талас

1716 жылы Суан Рабданның әскері Тибеттің орталығы Лхасаны басып алып, дүрбіт ханын өлтірді. Бұның соңынан Цинь империясының 200 жасағын түгелге жуық қырып салды. Алайда, 1720 жылы манжурлер Жоңғарға қарсы ауыр қол аттандырып, тибет даласын әрең тартып алды.

Шығыс Түркістанға талас немесе Жоңғар геноциді

1725 жылы Цинь жасақтары Шығыс Түркістанның шығыс қақпасы Баркөлді алды. Екі жақ Құмыл мен Тұрпанда да сан рет кескілескен ұрыс салды. 1727 жылы Суан Рабдан өліп оның орынына Галдан Серен таққа отырды. Галдан Серен  тұсында қазақтар Жоңғарға қарата бірнеше рет жеңісті соғыс жүргізіп, қазақ жеріндегі Жоңғар қолының бетін қайтарды. Салыстыра қарағанда, Галдан Серен кезінде қазақ-жоңғар соғыстары Суан Рабдан кезінен аз болды.  1740-1742 жылдары Жоңғар қолы Сарыарқаға басып кіріп Абылай хан тұтқындалды. Қазақ хандығы уақытша жоңғарларға бағынды. 1745 жылы Галдан Серен өлді де Жоңғар хандығы ішінде билікке талас басталды. Суан Доржыны өлтіріп билік алмақ болған Лама Доржыға Әмірсана мен Дауачы қарсы шықты. Бұл жағдайдан сәтті пайдалана білген қазақтар 1755 жылға дейін бірқатар табысты жеңістерге жетіп отырды. 1755 жылы Әмірсана Манжур қолын бастап келіп Дауачыны ұстап берді. Бірақ, өзі де баянды билікке қол жеткізе алмай соңында манжурларға қарсы көтеріліске шықты, оның соңы 200 мың Цинь әскерінің жоңғарларға бағыттаған геноцид қырғынымен аяқталды. Цинь генералы Уй Юанның естелігінде: «Жоңғардың оннан екісі аштық пен аурыудан қырылды, оннан бірі Ресейге қашты, оннан бірі қазақтарға кетті, қалғаны біздің жасақтар жағынан қырылды, мыңдаған шақырым аумақта бірде-бір жоңғар қалмады» деп жазған.  Бір сөзбен айтқанда, Цинь империясының шапқыншылығына қарсы жоңғарлар соңына дейін шайқасып, тізе бүкпей қырылып кеткен. Осыдан бастап тұтас Шығыс Түркістан жері Цинь территориясына кірді.

Сөз соңы

Жоңғар бірнеше ғасыр бойы Қазақ хандығына қауіп төндірген жауы болып тұрғанымен Цинь империясының батысқа ірге кеңейтуін бір ғасырға дейін тоқтатып, манжурлердің Орта Азияға ықпал етуіне мүмкіндік бермеді. Қалмақтар мен Жоңғарлар Патшалық Ресейдің Тұран даласына жасаған экспанциясына да  ең үлкен тосқауыл қойған күш болды. Жоңғар мен қалмақ ыдырағаннан кейін орыс патшалығының сахараға басқан адымы тездей түсті. Қазақ халқында «Жауың да ер болсын» деген тәмсіл сөз де дала заңына бағынап, досына адал, жауына қатал болған, көшпелі жауынгер жоңғарларға қаратылса керек. Жоңғар мен қалмақ жойылған соң жоңғар тайпаларының қалдықтары қалқа мен цахарға апарылды, қазір де қалқа мен цақар арасында дүрбіт, захчин, хойыт, хошоуыт хошұндары бар. Империя ыдырағаннан кейін қазақ құрамына кірген жоңғар рулары да жетерлік. Себебі, тарихи деректерде 600 мыңнан аса жоңғардың оннан бірі қазақ арасына кеткені анық айтылады. Сол тұстағы қазақ билеушілері Жоңғар империясы құлағаннан кейін территориясын тез арада кеңейтіп, бүгінгі қазақ территориясының қалыптасуына негіз қалады. Қырғыз бен алтай ішінде де жоңғардың қалдық рулары сақталған. Қазір әлемде 500 мыңнан астам ойрат тектілер өмір сүреді. Осылайша заманында сахараны дүбірге салған көшпенділердің ең соңғы империясы табаны тайған көшпелінің бағымен бірге тарих сахнасынан кетті.

“The Qazaq Times”