Кремль Жапониямен арадағы Курил аралдары жөніндегі келіссөздер тығырыққа тіркелгенін мәлімдеді. Ресей президентінің кеңесшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, келіссөздерге Жапония премьер-министрі Синдзо Абэның мәлімдемесі әсер еткен.

Қаңтар айының басында Абэ аумақты тапсырған соң аралдағы ресейліктердің онда тұра беруіне Жапония қарсы екенін мәлімдеген. "Келіссөздер тығырыққа тірелгені рас", - деді Ушаков.

Жапония Итуруп, Шикотан, Кунашир және Хабомаи аралдары Ресейге тиесілі дегенге қарсы.

Бұл аралдарды КСРО Екінші дүниежүзілік соғыс соңында басып алған. Аралдар төңірегіндегі дауға байланысты Ресей мен Жапония әлі күнге дейін бейбіт келісімге келген жоқ. Былтырғы жылдың қараша айында Абэнің Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінен соң Жапония 1956 жылғы аралдар туралы декларацияға қайта оралуға дайын екендігі мәлім болды.​

Аталмыш құжат бойынша, КСРО екі ел арасындағы бейбіт келісімнен соң Жапонияға ​Хабомаи және Шикотан аралдарын беруі керек болған. Бірақ, Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, екі ел арасындағы бейбіт келісімнің қабылдануы аралдарды Жапонияға қайтару дегенді білдірмейді.

20 қаңтарда Мәскеу мен Ресейдің бірқатар қаласында аралдарды беруге қарсы митингтер өтті. Онда Ресей үкіметі мен президент Путинді сынайтын ұрандар айтылды.

"The Qazaq Times"