АҚШ президенті Дональд Трамптың «Твиттер» парақшасында Түркияға қаратқан ескертуіне Анкара билігі бұлқан-талқан болғаны белгілі. Түркия сыртқы істер министрі Мавлут Чавушоғлу Трампты саясаткерге сай әрекет жасамады деп айыптады. «Экономикалық әріптестер арасындағы пікір қайшылығын әлеуметтік желінің талқылауына салмауы керек еді», – деді Чавушоғлу.

Анкара тарабы АҚШ-тың алаңдаушылығын қайырып қойып, өз позициясында қалатынын ашық айтуда. Түрік ақпарат құралдары екі ел президентінің дүйсенбі күні Сүрия мәселесін телефон арқылы талқылағанын растады. Хабарға қарағанда сөйлесуде Сүрияның солтүстік аймағында «қауіпсіз аймақ» құру туралы сөйлескен.

АҚШ президенті бірінші кезекте «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына қарсы күрестегі одақтастары күрд қарулы күштері мен Сүрияның оппозиция күштерін қорғайтынын жеткізіп отыр. ДАИШ-ке қарсы күрес кезінде күрд қарулы топтарын АҚШ бастаған коалиция қару-жарақпен қамдады. Әрі, аймақтағы ресми күштердің қатарында мәміле жасап келді. Ирактағы Күрд Автономиясы да мемлекеттік хатшы Тиллерсонның кезінде дербестік алу үшін референдум өткізуге тырысқан. Жалпы Орта Шығыстағы күрдтер АҚШ-тың қолдауын көріп келе жатқаны жасырын емес.

Алайда, бұған дейін Түркия Сүрия мен Ирактағы күрд қарулы күштеріне террорлық ұйым ретінде соққы беріп келеді. Анкара билігі YPG деп аталатын күрд қарулы күштерін Түркиядағы Күрд Жұмысшылар партиясының (PKK) сырттағы бөлімшесі, әрі бұлар Түркияның территориялық тұтастығына, ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп қарайды. Сондықтан да, Ердоған күрдтерді қолдағаны үшін Құрама Штатты сынға алып келеді.

Сүрия жеріндегі YPG күштері Құрама Штаттың үмітін ақтамай қалған жоқ. «Ислам мемлекеті» экстремистеріне қарсы нәтижелі күрес жүргізіп, өз аймақтарынан шегіндіріп шығарды. Анкара мәлімдемелерінде, YPG қарулы күштерінде АҚШ-тың ауыр соғыс техникалары да бар екенін айтылады.

Ал, былтыр жыл соңында Трамп АҚШ әскерлерінің Сүриядан шегінетінін айтты. Бірақ, Сүриядан шегіну шартын қаңтарда ғана ортаға салды. Тіпті ол Түркиядан Сүриядағы күрд күштерінің қауіпсіздігіне кепілдік сұрады. Мемлекеттік хатшы Помпеоның Таяу, Орта-Шығыстағы сапарындағы жоғары деңгейдегі сөйлесулерде де күрд мәселесі ауық-ауық көтеріліп отырды.

Сүриядағы АҚШ әскерлерінің саны туралы ресми мәліметтер 2000 деп көрсеткен. Бірақ, Сүрия жеріндегі шын мәнісінде америкалық жауынгерлердің саны бұдан да көп болуы мүмкін деген мәліметтер де бар. ИМ күштерін аластау мақсатында елге кірген. Олар негізінен Сүрияның солтүстік-шығыс аймағында орналасқан. Тіпті, бұл аймақта АҚШ-тың әуебазасы да құрылған. Оңтүстік аймақтарда да шағын бекіністері де бар.

Қазір АҚШ пен Түркия арасында аталған мәселелер төңірегінде диалогтар өтіп жатыр. Уашингтонның екінші арнайы делегациясының бір күні бұрын Анкараға келіп келіссөздерді қолға алды. Бұл ретте түрік билігі өз позициясын берік сақтайтынын қайта-қайта ескертуде. АҚШ-тың Орта Шығыстағы қадамдары үшін Түркияның да өзіндің маңызы бар. НАТО мен АҚШ әскерлері Түркияның бірнеше маңызды әскери базаларын, порттарын пайдаланып келеді.

“The Qazaq Times”