Ақорда маңындағы ауыс-түйіс. Кім, қайда тағайындалды? Бұл жолғы кресло алмасуда кім, не ұтты?

Қыркүйек айының 10-ы күні президент әкімшілігін ұзақ жылдар бойы басқарып келген Әділбек Жақсыбековтың орнына Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов барды. 11 қыркүйек күні қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Астана қаласының әкімі болып тағайындалды. 18 қыркүйекте Сұлтановтың креслосына Әлихан Смайлов отырды. 19 кыркүйек күні Қауіпсіздік Кеңесіндегі президент көмекшісі қызметіне Ғабит Байжанов сайланды. Оның орнына «Сырбаз» сыртқы барлау қызметінің директоры болып Исатай Сартаев тағайындалды. 21 қыркүйекте президенттің экономикалық мәселелер бойынша көмекшісі орнына бұған дейін Еуразиялық экономикалық кеңесте қаржы және экономика министрі болған  Тимур Жақсылықов барды. Жалпы, қыркүйек айы ауыс-түйістердің айы болды десек артық айтпаспыз. Бірақ бір қызығы жоғарыда аталған шенділердің бір де біреуінің есімі бұған дейін БАҚ беттерінде айтылған болжамдарда кездеспеген.

Ақорда маңындағы бұл жолғы ауыс-түйіс халық арасында көп талқыланбаса да, журналистер мен сарапшылар арасында «Жақсыбеков үлкен саясаттан бір жолата кетті ме?», «Исекешов президент әкімшілігіне қандай өзгерістер алып келуі мүмкін?», «Астана қаласы Бақыт Сұлтановтың бағы ма, соры ма?» деген бірнеше сұрақтың туындауына себеп болды.

Жақсыбеков үлкен саясаттан бір жолата кетті ме?

Әділбек Жақысбековтың зейнетке кетуін осы уақытқа дейін БАҚ біткен жарыса жазды. Бірі «ол зейнетке шығу арқылы үлкен саясаттан бір жола кетіп, сұр кардинал мәртебесінен айырылды» десе, енді бірі «Жақсыбеков президент әкімшілігінен кетсе де ұпайы түгел» деп есептейді. Негізінде Жақсыбеков үлкен саясаттан кеткенімен оның командасы өз орнында қалды. Ақорда маңында жүрген соңғы ауыс-түйіс оның командасына әсер еткен жоқ. Бір сөзбен айтқанда «Цесна» корпорациясын басқаруды өз қолына алған Жақсыбеков үлкен саясатта кез келген уақытта қайтып орала алады және зейнетке кетсе де үлкен саясаттан анау айтқандай алшақтаған жоқ.

Исекешовтың президент әкімшілігі басшысы болып тағайындалуының сыры не де?

Ең бірінші кезекте Исекешовтың ПӘ басшысы болып тағайындалуына оның осы уақытқа дейін президентпен бірге жұмыс істегендігі және өзінің командасының жоқтығы себеп болуы мүмкін. Жалпы, Исекешовқа президент әкімшілігінде жұмыс істеу аса бір үлкен қиындықтар туғызбауы тиіс. Себебі жоғарыда айтқанымыздай Исекешовтың өзге мемлекеттік органдарда адамдары жоқ.

Астана қаласы Бақыт Сұлтановтың бағы ма, соры ма?

Бақыт Сұлтанов өзінің саяси мансабын әу баста қаржы саласынан бастаған. Ол осы уақытқа дейін бір де бір рет қалалық немесе облыстық басқару апаратында жұмыс істемеген. Ал жергілікті өзін-өзі басқару әкімшіліктерінің министрліктермен салыстырғанда өзіндік ерекшіліктері бар. Мысалы, қандай да бір төтенше жағдай орын алатын болса, бірінші болып жауап беретін де, сынға ілігетін де дәл осы облыс немесе қала әкімдері. Ал министрліктерде бұл мүлде басқаша. Министрлерде қашан да жауапкершіліктен айналып өтетін екінші нұсқа бар. Олар қандай да бір жұмыс іске аспай жатса оны екінші бір министрлікке, облыс әкіміне немесе квазимемлекеттік компанияға аудара сала алады.

Жалпы, Бақыт Сұлтановтың Астана қаласының әкімі болуы оның алдағы уақыттағы саяси салмағына үлкен әсер етеді. Егер Сұлтанов мырза Астананы қыста қар астында, жазда су астында қалдырмай ел қатарлы жұмыс істесе, онда оның саясат сахнасындағы рөлі сөзсіз өседі. Ал егер ел мақтанышы болған ел орданының жұмысын өрге домалата алмаса, онда келесі жолы кезекті министрліктердің біріне барып, қатардағы қалық атқа мінердің бірі болып қала бермек.

Негізінде Ақорда маңында болған бұл жолғы ауыс-түйістер жалпы басқару жүйесіне анау айтқандай өзгерістер алып келмейтіні анық. Бірақ жоғары биліктегі кресло алмасулар бұнымен аяқталған жоқ сияқты. Себебі «премьер-министр мен Ұлттық Банк төрағасы қызметінен кетуі мүмкін» деген қаңқу сөздер жұрт арасында желдей есіп жүр.

"The Qazaq Times"