Ресей мен Иран қолдауындағы Башар Асад режиміне қарасты армия көтерілісшілер мен жиһадшылардың бақылауындағы Идлиб аймағына шабуыл бастайды деген сөздің айтылғанына екі аптадай уақыт болды. Бірақ, Сүрия армиясы әлі де қарулы операцияны бастамай отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұған Түркияның қарсылығы себеп болған. Иран орталық қаласында Путин, Ердоған және Рухани арасында кездесу өткені белгілі. Үшжақты келіссөздің басты тақырыбы – Идлиб мәселесі.

Сүриядағы үкіметке қарсы күштердің бақылауында төрт провинция болған еді. Түркиямен шекаралас жатқан Идлиб те соның бірі. Қалған үшеуін Башар Асад өзіне қаратып үлгерді. Идлибке шабуыл жасауға Түркияның қарсы болатын себебі көп. Айталық, Түркия бұл провинцияның қауіпсіздігіне кепілгер болған. Оның үстіне, түрік қарулы күштері де орналасқан. Анкара қолдау көрсететін қарулы топтар да бар.

Түркия Сыртқы істер министрлігі Идлиб соғысы қауіпсіздік пен гуманитарлық мәселелерді қиындатады деп, өз алаңдаушылығын білдіріп келді. Түркиядағы үш миллионнан астам сүриялық босқындардың саны тіпті де көбейіп кетуінен қатты алаңдайды. Бұл өз кезегінде Еуропаның да қорқынышы екенін осыған дейін де айтқанбыз. Үштік саммит кезінде Ердоған: «Біз қазірдің өзінде 3,5 млн сүриялықты елімізде паналатып отырмыз. Идлибтегі тұрғындардың саны да осымен бірдей. Біз тағы 3,5 млн адамға есігімізді ашуға мүмкіндігіміз де, күшімізде жетпес. Қазіргі басты қадам – Идлибте болуы мүмкін миграция ағымын тоқтату», – деді.

Осыған қоса, Анкара жағы Сүрия армиясының аталған аймаққа жасаған шабуылы осыған дейін Түркия армиясының жеткен жетістіктерін жоқ қылады деп алаңдайды.  Сондықтан Теһрандағы жиналыста да, оған дейін де Түркия тарабы Идлиб соғысын болдырмауға тырысты.

Иран, Ресей, Түркия арасындағы кеңесте Идлиб тағдыры туралы ортақ келісімі жасалды. Келісім Түркияның талабын толық қанағаттандырды деуге болады.  12 тараудан тұратын ортақ мәлімдемеде БҰҰ-ның Сүрия жөніндегі қаулысын сақтаймыз десті.  Яғни, БҰҰ Қауіпсіздік кеңестінің №2254 қаулысы бойынша, Сүрия жеріндегі барлық қарулы операциялар "әл-Каида" мен ДАИШ-ке қарасты террорлық топтарды жоюға бағытталады. Ал, босқындардың мекеніне қайта орналасуы үшін барлық жағдайды жасауға тырысатын болды.

Дегенмен, аталған үш елдің Сүрия мәселесін тақырып етіп кездескен барлық жиналыстарының қорытындылары әр түрлі. Осыдан бұрын Сүрия ісі үшін бас қосқан үш лидердің саммитінен кейін Түркия өзімен шекаралас Сүрия жеріне армия кіргізген болатын. Идлиб тағдыры Теһранда қандай жарғыға түскені алдағы уақытта Башар Асад армиясының қадамынан белгілі болмақ.

“The Qazaq Times”