БҰҰ Ауғанстанның Газни қаласында азық-түлік қорының таусылғаны туралы ескертіп, алаңдаушылығын білдірген. Ұйымның алаңдауына негіз болған нәрсе — стратегиялық маңызы бар қалада төрт күннен бері «Талибан» қозғалысы шабуыл жасауда, - деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігінің француз қызметі.
Тәлібтер шабуылды 10 тамызда бастаған, салдарынан 100 коммандос қаза тауып, одан бөлек тағы бірнеше полиция қызметкері оққа ұшқан. Қаланың стратегиялық маңызы бар дейтін себебіміз — ол Кабул мен Кандагардың арасындағы негізгі жол торабында орналасқан. Егер тәлібтер қаланы толықтай қолға алатын болса, оңтүстік Ауғанстан ел астанасы Кабулдан бөлінбек. Осыған алаңдаған ел президенті Ғани Ашраф Газниге жіберілетін әскердің санын арттыруға бұйрық берген. Негізі, ел үкіметі Газнидің бақылауда екенін айтқанмен, «Талибан» қозғалысы өкілдерінің мәлімдемесіне қарағанда, қазір олар көп жетісікке жеткен, яғни қаладағы үкіметтік ғимараттарды басып алған. "Қаладағы байланыс желілері бұзылып, ол жақтан толық ақпарат алу мүмкін болмауда", - деп хабарланған агенттік сайтында. Ал, қазіргі уақытта жедел түрде қаланы тәрк етуге жанталасқан қала халқы ондағы жағдайдың адам төзгісіз екенін айтқан. Олардың сөзінше, төрт күн ішінде 30 бейбіт тұрғын қаза тауып, 140 адам жараланған. Би-Би-Си агенттігінің бағалауынша, Ауғанстан үкіметі ел территориясының тек 30 пайызын ғана бақылай алуда, ал қалған аумақтарда «Талибан» қозғалысы мен ДАИШ өкілдері белсенді әрекет етуде.