АҚШ пен «Талибан» қозғалысы өкілдері Доха қаласында келіссөздер жүргізуде – деп хабарлайды Reuters ақпарат агенттігі.
Агенттік мәліметінше, АҚШ пен «Талибан» қозғалысы өкілдері Катардың Доха қаласында кездесіп, Ауғанстандағы соғысқа қатысты келіссөздер жүргізген. Келіссөз барысында қос тарап Ауғанстан дағдарысын бейбіт жолмен шешу және уақытша соғысты тоқтатуға уағдаласқан.
«The New York Times» басылымының хабарлауынша, Дохадағы кездесуге АҚШ тарапынан Мемлекеттік департаменттің Оңтүстік Азия мәселелері бөлімінің басшысы Элис Уэллс қатысқан. Ал «Талибан» қозғалысы тарапынан Катарға төрт адам келген. Бірақ олардың кім екендігі әзірге белгісіз.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Ауғанстан үкіметі мен «Талибан» қозғалысы құрбан айт кезінде соғысты уақытша тоқтату жөнінде келісімге келген. Кейіннен ел президенті Ашраф Гани «Талибан» тарапын бейбітшілік мерзімін ұзартуға шақырған. Бірақ «Талибан» өкілдері президенттің бұл ұсынысымен келіспейтіндіктерін айтып, үкімет әскеріне бірінші болып оқ атқан.