Ішкі істер министрлігі Қалмұхамбет Қасымовты отставкаға жіберуге байланысты қоғам пікіріне жауап берді.
Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов журналистер алдында сөйлеген сөзінде: «Министрдің отставкаға кету мәселесі жайында айтатын болсақ, сіздер бұл мәселенің ішкі істер министрлігінің құзыретінде емес екенін түсінеді деп сенемін. Сондықтан, мен бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Министрдің неліктен баспасөз мәслихатына келмегендігін айтатын болсақ, себебі ол қазір қызметтік іссапарда жүр» - деп мәлімдеді.
Естеріңізге салайық, шілде айының 19-ы күні мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге жасалған шабуылдан кейін, қоғам белсенділері, саясаткерлер мен журналистер «ІІМ Қалмұхамбет Қасымов отставкаға кетсін» деген бастама көтерген. Бірақ дәл сол уақытта Қасымов мырза да, ішкі істер министрлігі де қоғам пікіріне ешқандай жауап қатпаған.
Жалпы, Қалмұхамбет Қасымов мырзаның халық алдындағы беделі Жаңаөзен оқиғасынан кейін күрт төмендеген. Себебі ол Жаңаөзен оқиғасы кезінде халыққа қарсы оқ атқан полиция қызметкерлерінің әрекетіне «тағы шықса, тағы атамыз» деген баға берген.