Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылы президенттік сайлауға қатысу мүмкіндігі туралы түсініктеме берді. Ведомство басшысы президенттік додаға дейін әлі біраз уақыт барын айтып, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мәселеге қатысты айтқандарымен толық келісетінін жеткізді.
«2020 жылға дейін әлі біраз уақыт бар. Қасым-Жомарт Кемелұлы дұрыс айтады. Ол кісі президенттің жанында ұзақ жыл жұмыс істеді. Нұрсұлтан Әбішұлы алдағы президенттік сайлауға қатысатынын яки қатыспайтынын өзі шешеді. Егер қатысар болса, қазақ елі үшін үлкен олжа болар еді. Өйткені, Елбасының саясатта, экономикада, халықаралық істерде мол тәжірибесі бар» - деді, Дәурен Абаев.