Шавкат Мирзиеев «Өзбекстан ТАПИ газ құбырының құрылысына қатысады» – деп мәлімдеді.
Сәуір айының 23-і күні Түркіменстан президенті Құрбанғұлы Бердімұхамедовтың Ташкентке жасаған ресми іс-сапары барысында Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев ТАПИ газ құбырының құрылысы жөнінде мәлімдеме жасады. Онда ол: «Өзбекстан ТАПИ газ құбырының құрылысына қатысады. Біз бұл жобадан көзқарастарымыз түйісетін жерді табамыз. ТАПИ Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыратын кең көлемдегі жоба» - деген.
Естеріңізге салайық, Құрбанғұлы Бердімұхамедовтың Ташкентке жасаған сапарына дейін Өзбекстан билігі Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан бағытындағы ТАПИ жобасына қатысудан бас тартып келген. ТАПИ газ құбыры жобасының құрылысы Түркіменстан аумағында 2015 жылдың 13 желтоқсан күні басталған. Жоспар бойынша, газ құбыры 2019 жылы пайдалануға берілуі тиіс.