Сауд Арабиясы Сүрияға әскер кіргізуге дайын – деп хабарлайды Неміс толқыны ақпарат агенттігі.
Сәуір айының 17-і күні Эр-Рияд қаласында БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерреш пен Сауд Арабия Сыртқы істер министрі Адель әл-Джубейр біріккен баспасөз мәслихатын өткізген. Баспасөз конференциясы барысында әл-Джубейр Сүрия мәселесіне қатысты мәлімдеме жасаған. Онда ол: «Тиісті ұсыныстар болса Сауд Арабиясы Сүрияға әскер кіргізуге дайын» - деп мәлімдеген.
Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы «Ақ үй әкімшілігі Сүрияда АҚШ әскерінің орнын басатын әскери контингент құрғысы келеді. Президент Дональд Трамп Сүриядағы 2 мың АҚШ әскерін шығарып алуды жоспарлауда. Аталмыш әскердің орнын толтыру үшін Уашингтон Сауд Арабиясы, Катар және Біріккен Араб Әмірліктерімен келіссөздер жүргізуде» - деген сарындағы материал жариялаған.