Түркия билігі Фетхуллах Гүленді тұтқындауға байланысты шешім шығарды.
Haberturk телеарнасының хабарлауынша, Түркия билігі діни көсем Фетхуллах Гүлен мен оның жеті жақтасын тұтқындауға байланысты шешім шығарған. Оларға «Түркияның Конституциялық тұрақтылығын бұзбақ болды» және «2016 жылдың 19 желтоқсан күні Анкара қаласында Ресей елшісі Андрей Карловқа жасалған шабуылды ұйымдастырды» деген айып тағылған.
Фетхуллах Гүлен «Хизмет» ислам козғалысының уағыздаушысы және көшбасшысы. Режеп Тайып Ердоған үкіметі аталмыш ұйымға «FETO» деген ат берген. 1999 жылдан бері АҚШ-та тұратын Фетхуллах Гүленге «Түркияда 2016 жылы мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды» деген айып тағылған. Ел билігі АҚШ-тан оны бірнеше рет Түркияға экстрадициялауды сұраған. Бірақ АҚШ ресми Анкараның бұл өтінішін орындамаған. Ал Гүленнің өзі Түркия билігі таққан айыпты негізсіз деп есептейді.