ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мерзімі бір-екі жылға шегерілуі мүмкін екенін жоққа шығарған жоқ. Алайда ол медсақтандыру қорына жұмыс берушілерден бұрынғыдай қаражатты жинай беруді ұсынып отыр.
Осылайша Біртанов бір-екі жылға кешіктіріліп енгізілуі мүмкін жүйеге жиналған қаражаттың қайда түсетінін түсіндірді.
Оның сөзінше, жүйені енгізу мерзімі өзгеруіне қарамастан ведомство жұмыс берушілерден жарнаны жинай беру туралы ұсынысты қарастырады.
"Жүйені енгізу мерзімін ауыстыру ұсынылып отыр. Яғни біз қордың жұмысын, жұмыс берушілерден жарна жинауды жалғастыра береміз. Біздің ұсынысымыз - түсіп жатқан жарналарды жинай беруді жалғастыру. Бірақ медициналық қызмет үшін төлемдердің мерзімі ауысуы мүмкін. Біз қазір мұны қайта қарастырып жатырмыз", - деді министр.
Ал осы уақытқа дейін жиналған қаржы Ұлттық банк шотында сақталатын болады. Сондай-ақ, алдағы екі жылда медсақтандыру қорына 160 млрд теңге түседі деп күтілуде.
Айта кетейік, 4 қыркүйек күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі кемшіліктерге назар аударып, аталған жүйені енгізуге асықпау керегі туралы айтқан.
Шын мәнінде осы жылдың 1 шілдесінен бастап сақтандыру қорына ақша аудару басталып кеткен. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап осы сақтандыру қорындағы қаражат арқылы медициналық қызмет көрсету басталу керек еді. Алайда енді бұл қызметті алу да мүмкін болмайын деп тұр.
Айта кетейік, аталған жүйе басталмай тұрып-ақ экономистердің сынына ұшыраған еді. Ал егер оны тағы екі жылға кешіктіріп енгізу жүзеге асатын болса, бұл халық арасында тағы түсінспеушілік туғызатыны сөзсіз.