Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дауға пікір білдірді.
Бүгін Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен ТМД елдері үкімет басшыларының кезекті бас қосуында Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев қазақ-қырғыз қарым-қатынасындағы дауға пікір білдірді. Ол онда: «Бүгінгі кездесудің өзінде Қазақстан мен Қырғызстан арасында өте ауыр және өткір пікір алмасу болды. Пікір алмасу барысында екі ел арасындағы қарама-қайшылықтар жиі байқалды. ТМД елдері үкімет басшыларының кеңесі, ЕАЭО мүше елдердің премьер-министрлері кеңесі осындай мәселелерді шешуге арналған мінбер» - деді.
Естеріңізге салайық, дәл осы бас қосуда Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайға байланысты Қазақстан билігін қатаң сынға алған болатын. Исаковтың сөзінше, Қазақстан тарапы осы уақытқа дейін шекара дауына байланысты түрлі сылтаулар айтып келген. Ал өз кезегінде Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қырғыз үкімет басшысының айыптаулары негізсіз деп, Қырғызстан аталмыш мәселе бойынша Қазақстан тарапы қойған талаптарды орындаса, келіссөз жүргізуге дайын екендігін айтқан.