Халықаралық Адам құқығын қорғау ұйымы (HRW) «Иран Сүриядағы терроризмге қарсы күресте ауғанстандық балаларды пайдаланып отыр» деп жазғырған болатын. Бұны Иран жақ қабылдай алмай, Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымын АҚШ-ты жақтап, Иранға қарсы көзқараста деп жазғырды. Бұл туралы сол елдің «Парс.Ақпарат» агенттігі ресми сайтында жазған еді.
Өткен аптаның соңында аталған ұйым мәлімет таратып Иранда паналап жүрген ауғанстандық мигранттарды «Иран үкіметі Сүриядағы соғысқа айдап салып отыр» деп айыптаған болатын. Айталық мәліметте «Ауғанстаннан Иранға паналай барған балаларды Иранға көмектесу үшін Сүриядағы лаңкестерге қарсы күресте пайдаланған» делінген. Осыдан бұрын АҚШ Мемлекеттік департаменті Иранды адам саудасымен айналысқан деген мәліметтерді таратқан еді. Бұған қарсы Иран жақ «Халықаралық Адам құқықтарын қорғау ұйымы Иранға қарсы АҚШ-пен астасып отыр» деп жазғырды.
Осы аталған пікірлерге қарсы Иран Сыртқы істер министрлігі арнаулы жауап жолдаған. Онда былай делінген: «Адам саудасының негізгі қайнарын өзге елдерге нәсілдік және лаңкестік әрекетер алып кіруден, өзгелердің саясатына араласушылықтан, шапқыншылық саясаттан іздеу керек. Осылардан келіп шығатын елдерді жаппай күйретіп тоздырған соғыстардан іздеу керек. Осының көбін АҚШ пен оның одақтастары жасап отыр». Бұл Иран СІМ баспасөз хатшысының сөзі.
Бұл Иран үкіметінің АҚШ пен Адам құқығын қорғау халықаралық ұйымына қарсы айтқан уәжі болып отыр. Бұл пікірден өзге АҚШ пен Иран арасындағы қайшылық барған сайын өршіп келеді. Иран АҚШ-тың сыртқы саясатымен мүлде келісе алмастай, қатты бекімдерге келуге дейін барды.