Түркия полициясы соңғы екі күнде Иранмен шекаралас аумақтан жүзден астам мигрантты ұстады.

Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, босқындардың басым бөлігі ауғандар. Түркия билігі алдағы уақытта Ауғанстандағы қарулы қақтығыстардан бас сауғалап қашқандар қарасы көбеюі мүмкін дейді.

Өткен айда Түркия, Ауғанстан және Иран сыртқы істер министрлері бас қосып, көші-қон саласында әріптестік орнату мәселесін талқылаған. Халықаралық коалиция күштері Ауғанстаннан шығарыла бастағалы бері мигранттар көші артты.

Біріккен ұлттар ұйымының мәліметінше, Ауғанстанда биыл жыл басталғалы тәліптердің үкімет қолындағы аймақтарға шабуылдарының күшеюінен 270 мыңнан аса тұрғын баспанасын тастап кеткен. Ел ішінде босқан халықтың саны 3,5 миллионнан асқан.

8 шілдеде АҚШ президенті Джо Байден америкалық әскерилердің Ауғанстаннан 31 тамызда толық шығатынын мәлімдеді. Ол «Ауғанстан өз болашағын өздері құру керек» деді. Шілденің басында Уашингтон Баграм әуе базасындағы әскерилерін әкетіп, АҚШ тарихындағы ең ұзаққа созылған (20 жыл) соғысты аяқтауға үлкен қадам жасады. Баграм АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери әрекетінің негізгі базасы болған. Пентагон Ауғанстандағы әскерінің 95%-ы шығарылғанын мәлімдеді.

Тәліптер күш ала бастаған тұста АҚШ Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстаннан «америкалық әскерилерге көмектескен 9 мың ауғанды уақытша орналастыруды» сұрады. АҚШ тәліптер америкалық әскерилерге көмектескен ауғандарды жазалауы мүмкін деп қауіптенеді. Уашингтон қазір 9 мың ауғанды Ауғанстаннан әкетудің барлық жолын қарастырып жатыр.

"The Qazaq Times"