Қытай ел аумағындағы Солтүстік Корея компанияларын жаппай жабуда - деп хабарлайды ВВС ақпарат қызметі.
Қытай билігінің таратқан мәліметтері бойынша, ресми Бейжің бұндай қадамға Біріккен Ұлттар Ұйымының Солтүстік Кореяға салған санкцияларынан кейін барған. Бейжің шығарған шешім бойынша, Қытай аумағындағы КХДР компанияларының барлығы 2018 жылдың қаңтар айында өз жұмысын тоқтататын болады.
Ресми Бейжің Пиоңяңның басты сауда серіктесі. Ол осы уақытқа дейін Ресеймен бірге БҰҰ-ның Қаіпсіздік кеңесінде Солтүстік Кореяны қорғап келген. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымының қыркүйектің 11-і күні КХДР-на санкция салуға байланысты шығарған шешімінен кейін, Қытай Солтүстік Кореяға деген көзқарасын өзгерткен. Бейжің Пиоңяңның ядролық бағдарламасын қатаң сыңға алып, зымырандарын сынақтан өткізуін тоқтатуын талап еткен болатын. Көптеген шетелдік сарапшылардың пікірінше, Қытайдың Солтүстік Кореяға бұндай қатаң шаралар қолдануына АҚШ президенті Дональд Трамптың қысым көрсетуі себеп болған.
Естеріңізге салайық, жақында Дональд Трамп: «Егерде АҚШ-қа немесе оның одақтастарына КХДР тарапынан қандайда бір қауіп төнетін болса, онда Уашингтон Солтүстік Кореяны жер бетінен жоқ қылуға дайын» - деп мәлімдеген болатын. Ал ресми Пиоңяң Трамптың бұл сөзін «иттің үруіне» теңеген еді.