Талибан қозғалысы АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттис пен НАТО бас хатшысы Йенс Столенбергтің ұшақтары қонған әуежайды минометпен атқылады – деп хабарлайды Tolo телеарнасы.
Tolo арнасының мәліметінше, Талибан қозғалысы содырлары Ауғанстан астанасы Кабул қаласының әуежайына АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттис пен НАТО басшысы Йенс Столенбергтің ұшақтары қонғаннан кейін бір сағаттан соң минометпен оқ жаудырған. Мэттис пен Столенбергтің Кабулға жасаған бұл жолғы іс-сапары ресми еш жерде жарияланбаған. Бірақ Талибан содырлары дәл осы күні Кабул әуежайын атқылаған.
Ауғанстан Ішкі істер министрі Наджиб Даништің сөзінше, содырлар әуежайға қарата 20-дан астам зымыран атқан. Жарылыстан әуежай қызметкерлері мен қарапайым жолаушылар зардап шекпеген. Тек ұшақтардың қону жолағы қиратылған. Талибан қозғалысының әуежайға жасаған зымыран шабуылы кезінде Джеймс Мэттис пен Йенс Столенберг Ауғанстан президенті Ашраф Ганидің қабылдауында болған.