Қазақстандағы ұлттық компаниялар осы жылдың екінші тоқсанында қаңтар -наурыз айындағыдай жоғары табысқа жете алмады. Бұл туралы Finprom.kz сараптама агенттігінің зерттеуінде айтылған. 

2017 жылдың екінші тоқсанында ұлттық компаниялардың қызмет көрсету және тауар өндірісі бойынша табысы 40,9 пайыздан 13,8 пайызға дейін төмендеп кеткен. Осы жылдың сәуір-маусым айындағы көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда да төмен болып отыр - 2016 жылдың екінші тоқсанында ұлттық компаниялардың табысы 22,2 пайыз деңгейінде болған.

Тіпті биылғы жылдың екінші тоқсанында табыс профиліндегі  шығындар қысымы сатылған тауарлар мен көрсетілетін қызметтер құнынан да жоғары болған - шығын 2017 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 18,2 пайызға және өткен жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 8,6 пайыз ға артты.

Кіріске қарағанда шығынның көп болуы ұлттық компаниялардың табыс деңгейінің төмендеуінің басты себебі болып отыр

Сонымен осы жылдың екінші тоқсанында ұлттық компаниялар кірісінің жалпы көлемі 555,3 млрд теңгеге жеткен - бұл 2016 жылдың сәуір-маусым айындағы кіріс көрсеткішінен бар болғаны 3,7 пайызға артық. Ал шығыны 488,1 млрд теңге көлемінде нақтыланды және бұл өткен жылдың екінші тоқсанына қарағанда 11,3 пайызға артық болып отыр.

 

Айта кетейік, соңғы кездері Қазақстан экономикасы үшін ұлттық компаниялардың тиімсіз екені байқалып келеді. Өйткені мемлекет қарызының біраз бөлігі осы компанияларға тиесілі. Осыған байланысты қазіргі кезде Қазақстанда ірі ұлттық компанияларды жекешелендіру жұмыстары жүріп жатыр. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, осындай республикалық меншікті жекешелендіруден және ұлттық басқару холдингтерінің құрамына кіретін активтерді сатудан 4-7 млрд доллар шамасында табыс түсуі мүмкін.

 “The Qazaq Times”