Испания билігі Каталонияның тәуелсіздігі үшін референдум өткізу туралы бастамасына тосқауыл болып, дауыс беру бюллетендерін қолға түсіріп, жауапты шенеуніктерді Сотқа шақыртқан болатын. Олардың бірқатары, аптасына бір рет Сот ғимаратына келіп тұру шартымен босатылғанымен, елде жаппай жазалау шарасы жүріп жатқаны байқалады. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.
Осы жылдың 1 қазанына жоспарланған референдум өткізілетін күн жақындаған сайын, каталондықтарға көрсетілген қысым күшейіп келеді. Каталониядағы 700 мэрдің референдумға қолдау көрсеткені не Испанияның тұтастығын сақтауға қызмет еткені тексеріліп жатыр. Барлық шенеуніктерге тағылған айып біреу: "олар орталық биліктің референдум өткізуге жол бермеу туралы тапсырмасын орындамаған".
Осы уақытқа дейін "референдумды ғаламтор арқылы насихаттады" деген күдікпен web-парақшалар жасаған 17 адам жауап беруге шақырылды.
2014 жылы Каталонияда дәл осындай референдум өткізу шарасы қолға алынған кезде, сол кезде өңір басшысы Артур Масс пен оның жанындағы 8 шенеунікке ел қазынасына 5,2 млн еуро төлеу міндеті жүктеліп, оны орындауға 15 күн берілген еді. Соттың айтуы бойынша, аталған қаржы референдумның ұйымдастыру шарасына кеткен.
Испанияның Сыртқы Істер министрі "Каталониядағы референдум жеңіске жетіп, олар тәуелсіздік туралы декларация қабылдағанымен, оны өздерінен басқа ешкім мойындамайды. Барлығы Каталонияны Испанияның құрамдас бөлігі есебінде ғана таниды", - деді.